Білім ұяларында күрделі жөндеу жүргізілуде

672

Жазғы демалыстан кейін Шымкент қаласындағы 8 мектеп, екі бала бақша мен жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығының оқушылары қайта жөндеуден өткен ғимараттарда білім алып, үйірмелерге бара алады. Қалалық бюджеттен бұл мақсатта 2 млрд. 400 млн. теңге қаражат бөлінген. Уақыт айтарлықтай көп емес. 2 жарым айдан соң келесі оқу жылы қайта басталады.

Жастардың уақытын тиімді ұйымдастыру орталығында 3 мыңнан астам оқушының өздері қызыққан 40 – тан астам үйірмеге келуіне мүмкіндігі бар. Олар тіпті, қалаған мамандықтарын да меңгере алады. Енді бұл бағыттағы жұмыс жандануы тиіс. Себебі, ғимарат жаңаланып жатыр. 1976 жылы қолданысқа берілген ғимараттың төбесінен су сорғалап, соңғы бірнеше жылдан бері ұжымды әуре сарсаңға салған. Қала бюджетінен бөлінген 45 млн. теңгеге ғимараттың шатыры жаңартылады. Жұмысшылар құрылысты мерзімінен бұрын бітіріп, сапасына үш жылдық кепілдеме береміз деп отыр.

Ал №18 бала бақшаның ғимаратында күрделі жөндеудің алғашқы кезеңі бұған дейін жасалған. Биыл балалардың қауіпсіздігі үшін бақшаның қоршауы жаңартылып жатыр. Мұнда қосымша 12 түрлі ойын элементтері де орнатылады. Аула абаттандырылып, ең қажетті – кәріз жүйелері жаңартылады. Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан бала бақшаның балғындары қазір уақытша өзге бақшаға ауыстырылған.

1991 жылы асарлатып салынған №65-ші гимназия мектебінің оқушылары жаңа оқу жылында су жаңа білім ошағының табалдырығын аттағалы отыр. Мердігерлер білім ошағын заман талабына сай етіп өзгертпек. Мектептің қабырғалары, едені мен есік-терезелері толығымен жаңартылады. Тіпті гимназияның қас бетін түбегейлі өзгерту қарастырылып отыр. Жұмыстар он күн бұрын басталған. 200 млн. теңге жұмысты сапалы атқаруға мүмкіндік береді, дейді құрылысқа жауапты мамандар.

Биыл Шымкент қаласындағы білім мекемелерін күрделі жөндеуден өткізуге қазынадан 2 млрд. теңгеден астам қаражат қаралған. Мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңіп шыққан мекемелердің барлығына қойылған талап бір – жоғары сапа мен нысанды бекітілген мерзімде тапсыру. Жаңа оқу жылының басталуына да аз ғана уақыт қалды.

Нұрлан Күдерұлы