Мектептерде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары мерзімінде аяқталады

675

Қалалық білім басқармасы мектептердің жаңа оқу жылына дайындығын пысықтап жатыр. Тамыздың 6-сынан бастап, арнайы құрылған топ қаладағы құрылыс жүріп жатқан, күрделі жөндеу жасалып жатқан мектептерді аралап, кемшін тұстары бар-жоғын қарауда.

Биыл Шымкентте 8 мектепті күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қолға алынды. Мамыр айында күрделі жөндеу жұмыстары басталған мектептердің бірі №64-ші гимназия. 1991 жылы қолданысқа берілген бұл мектептің оқушылары жаңа оқу жылында су жаңа білім ошағының табалдырығын аттағалы отыр.

Құрылысшылар білім ошағын заман талабына сай етіп өзгертуде. Мектептің қабырғалары, едені мен есік-терезелері толығымен жаңартылып жатыр. Осы жолы гимназияның қас беті де түбегейлі өзгертіледі. Жұмыстарды 28-ші мамырда бастаған мердігер компания оның 90 пайызын жөндеп үлгерген.

Мектептің өзі 1 200 оқушыға шақталған. Алайда, білім ошағында 1600 оқушы оқиды. Басшылық пен ұстаздардың бірқатары қазір жұмыстардың сапасын байқап, сыртқа шығарылған құрал-жабдықтарды түгендеуде. Уәде етілгендей, құрылыс 25-тамызда аяқталса, санаулы күнде барлық бөлмелерді тазартып, балалар келгенше дайын етпек. Әзірге мердігердің жұмыстары көңілдерінен шыққан сыңайлы.

Биыл Шымкенттегі білім мекемелерін күрделі жөндеуден өткізуге қазынадан 2 млрд. теңгеден астам қаражат қаралды. Мемлекеттік тапсырыс конкурсында жеңіп шыққан мекемелердің барлығына бір талап қойылды – жоғары сапа мен нысанды бекітілген мерзімде тапсыру. Жаңа оқу жылының басталуына 20 күндей уақыт қалды. Талаптың қалай орындалғанын байқайтын күн де алыс емес.

Нұрлан Күдерұлы