Мердігерлер бір апта ішінде жөндеу жұмыстарын аяқтай алады ма?

633

Күрделі жөндеуден өтіп жатқан мектептер жаңа оқу жылына үлгере ме? Жұмыстың созылуына не себеп? Биыл Шымкентте сегіз мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мердігерлер міндеттерін уақытылы тапсыру үшін, жұмысты жеделдеткен. Айтуларынша, 25-тамызда құрылысты толық аяқтаулары тиіс. Біздің түсіру тобы №65 гимназияның жаңғырған жағдайымен танысты.

1991 жылы асарлатып салынған №65-ші гимназия мектебінің оқушылары жаңа оқу жылында су жаңа білім ошағының табалдырығын аттағалы отыр. Мердігерлер екі жарым айдың ішінде білім ошағын заман талабына сай етіп өзгертіпті. Мектептің қабырғалары, едені мен есік-терезелері толығымен жаңартылған. Екі мың шаршы метр асфальт 200 шаршы метр өрнектас төселген. Тіпті гимназияның қас беті түбегейлі өзгеріпті.

Мектептегі жөндеу жұмысы үшін қала бюджетінен 225 млн. теңге қаражат бөлінген. Мердігерлер құрылыстың 98 пайызын атқарыпты. Жасалған жұмыс ұстаздардың көңілінен шыққан секілді. Енді оқушыларымыз қуанып қалатын болды дейді. Себебі білім ошағы соңғы жылдары әбден тозған екен.

Биыл Шымкент қаласындағы білім мекемелерін күрделі жөндеуден өткізуге қазынадан 2 млрд. теңгеден астам қаражат қаралған. Мемлекеттік сатып алу конкурсында жеңіп шыққан мекемелердің барлығына қойылған талап бір – жоғары сапа мен нысанды бекітілген мерзімде тапсыру. Жаңа оқу жылы алыс емес, небәрі бір жеті уақыт қалды.

Нұрлан Күдерұлы