Шымкентте судың бағасы қымбаттады

1102
Судың бағасы өсті

Коммуналдық төлемдер бойынша есеп айырысқанда түбіртектегі сомаларға назар аударыңыз. 1-ші шілдеден бастап Шымкент қаласында тұтынған ауыз суға және кәріз жүйесіне тариф орта есеппен 10 пайызға көтерілді.

«Су арнасы маркетинг» серіктестігінің кассаларында ұзын-сонар кезек жоқ. Тұтынушылар пайдаланған су үшін тиісті төлемдерін өтеп кетіп жатыр. Байқағанымыздай, тұрғындардың көпшілігі су мен кәріз тарифінің өскенінен хабарсыз.

Естеріңізге сала кетейік, суға қатысты тариф орта есеппен 10 пайызға өсті. Егер 1-ші шілдеге дейін су мен кәріз жүйесіне жалпы 122 теңге 01 тиыннан төлесеңіз, енді ол үшін, 137 теңгеден төлейтін боласыз. «Су арнасы-Маркетинг» ЖШС-нің басшылығы бұл заң шеңберінде жүргізілген шара екенін жеткізді. Және мұнымен шектелмек емес.

Халық саны 1 млн-ға жеткен мегаполисті тәулік бойы ауыз сумен қамтып, кәріз жүйелерінің күрделіліксіз жұмыс істеуін жүйелеп отырған серіктестік тариф 2021 жылға дейін жыл сайын өсетінін айтады.

Жанатбек Тұрдалиев тарифке  қатысты мәлімет берді

Жанатбек Тұрдалиев, «Су арнасы -маркетинг» ЖШС-і бас директорының экономика және маркетинг жөніндегі орынбасары: «1-ші шілдеден бастап  судың бағасы қымбаттады. Егерде  бұрын  тұтынушы  суға  87 теңге, 47 тиын төлесе, енді  ағымдағы жылдың  1-ші  шілдеден бастап  97 теңге 97 тиын төлейді. Кәріз жүйесі бойынша қызметке 34 теңге 54 тиын төлеп келсе, енді тұтынушы 39 тенге 03 тиыннан төлейтін болады. Жалпы судың тарифі 10 пайызға өсіп,  қосымша құн салығымен 137 теңгені құрады. Бұл  табиғи монополияға қарсы агенттікпен  бекітілген «2016-2021 жылдарға арналған  инвестициялық бағдарламадағы ұзақ мерзімді тариф  сметасы».

Сала маманының мәлімдеуінше, бүгінде Шымкент қаласының бас жоспарына сәйкес, су және кәріз жүйелерін дамытудың техникалық-экономикалық негіздемесі жасалған. Жаңа су жүйелерін салуға мемлекет тарапынан 53 млрд. теңге, ескі жүйелерді жаңғыртуға 40 млрд. теңге қарастырылған. Есеп бойынша, сумен қамтушылар 700 шақырым су, 400 шақырым кәріз жүйесін жаңартуы тиіс. Бүгінде қаладағы су жүйесінің 36 пайызы, кәріз жүйесінің 58 пайызының тозығы жеткен. Оны төмендету бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз, — дейді Жанатбек Тұрдалиев.

Судың да сұрауы барын түсінетін жерлестеріміз төлемдерді уақытылы өтеп, бүгінде тіршілік нәрін үнемдеуге көшкен. Ең маңыздысы, күрделіліктер болса, су мамандары шұғыл шара көрсе деген тілектері бар.

Мұхтар Жетпісәлиев

Мұхтар Жетпісәлиев, 15-ші шағынауданның тұрғыны: «Мен «Асар» шағынауданында үй салып жатыр едім. Су жағы қиын. Соған назар аударса екен, ертерек су берсе жақсы болар еді».

Боранбай Өтебаев, «Бозарық-3» елді мекенінің тұрғыны: «Бұрын «Қайтпас» шағынауданында төлем қабылдайтын касса болатын еді. Енді барлығы сабылып қала орталығындағы кассаға келеді».

Тарифке қатысты сұрақтар туындаса 32-11-80 байланыс телефонына хабарласуға болады немесе мекеме ғимаратының бірінші қабатында орналасқан қоғамдық қабылдаудың көмегіне жүгініңіз.

Шынар Оразова