Жалдамалы пәтер иелеріне қарсы майдан: нәтижесіз

485

Шымкент қаласының полицейлері жалдамалы пәтерлер бойынша рейд ұйымдастырды. Іс шара барысында Т. Айбергенов пен Ә. Жангелді көшелері бойындағы көп қабатты үйлер жіті тексерілді. Жасы кәмелетке толмағандардан бөлек пәтерді сағатына өткізіп нәпақа тауып жүргендерге де аса көңіл бөлінді. Тексеру кезінде көзге түсіп қалған жеңіл жүрісті қыздар аудандық полиция бөліміне жеткізілді.

Ердәулет Ниязов, Әл Фараби аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары: «Тұрғындардың жаппай арыздануына байланысты жалға берілетін пәтерлер жаппай тексерілуде. Рейдті Әл Фараби АІІБ жүргізуде. Арызданудың басты себебі көшеде кетіп бара жатқан азаматтардың тынышын алу болып тұр».

Анықталған жасөспірімдердің ата-аналары шақыртылып ескерту жасалды. Мас халде ұсталған тұлғалар уытсыздандыру орталығына жабылды. Тәнін саудалап, жеңіл ақша тапқысы келетін бойжеткен қыздарды тәртіп сақшылары арнайы қабылдау-тарту бөліміне апарып жапты. Ал, тұрғындардың ашуын туғызып, пәтер бизнесімен айналысып жүргендерге әкімшлік жаза көрілетін болады.

Жеңіл жүрісті бойжеткендердің арасында көрші елдің азаматшалары да бар. Олардың құжаттары тексеріліп, егер заң бұзушылықтар анықталса шекарадан аластатылады. Ал, жергілікті тұрғындар жалдамалы пәтер проблемасынан құтыла алмайтындарын жеткізді. Өйткені бұл төңіректегі пәтерлерді сатудың өзі бір проблема.

Ернар Балабеков