Сайрамда «Жұлдыздың халыққа қызмет көрсету орталығында бір күні» акциясы өтті

678
Сайрамда "Жұлдыздардың Халыққа қызмет көрсету орталығында бір күні" акциясы өтті

Сайрам ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орталығына келгендерге сықақшы Ғалымжан Қалыбай қызмет көрсетті. Ел «Шаншар» әзіл-сықақ театры әртісінің электрондық кезек талонын ұсынып, ақпараттық анықтамаларды беруіне тәнті болды. Бір күн азаматтық үкімет маманы атанған актердің өзі де, саланы жетік меңгеріп алғанына дән риза.

Ғалымжан Қалыбай азаматшаларға электронды қызмет жайында түсінік беруде

Ғалымжан Қалыбай, актер: «Саханада бір басқа, ал мына халыққа қызмет көрсету орталығында әрбір азаматты қабылдап, мәселесін шешуге ықпал жасау  өте  қиын. Мұнда  600-ге жуық қызмет түрі көрсетіледі. Енді сабылмай бір жерден тез арада барлық қызмет түрлерін пайдалана аласыз. «Мобильді қосымшамен»  үйде отырып,   сахнада тұрып барлық мәліметті ала аламын».

Бокстан әлем чемпионы Дина Исламбекова халыққа қызмет көрсету орталығында

Бокстан жастар арасындағы әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дина Исламбекова да рингті қызмет көрсету залына алмастырды. Ол өз жерлестеріне кеңес беріп, орталықтың жұмыс істеу ережесімен таныстырды. Былғары қолғап шеберінің қолынан талон алған Ұмсынай Юлчиева  алғысын айтты.

Ұмсынай  Юлчиева, Манкент ауылының тұрғыны: «Бұрын бір қағаз үшін  бірнеше мекеменің табалдырығын тоздыратын едік. Шымкентке дейін баратынбыз. Енді міне өзіміздің Ақсукентте халыққа қызмет орталығы ашылды. Бір жерден барлық тірлігіңді бітіресің».

«Жұлдыздың халыққа қызмет көрсету орталығындағы бір күні» акциясы мемлекеттік корпорацияның барлық филиалдарында өтіп жатыр. Өнер майталмандары мен спорт шеберлері Цифрлық Қазақстан бағдарламасы аясында электрондық қызметтерді халық арасында кеңінен насихаттап жүр.

Мәди Аманжол

Мәди Аманжол, «Азаматтарға арналған үкіметтің» Түркістан облыстық филиалы директорының орынбасары: «Мемлекеттік қызметтің 736 түрінің 546 -ы осы халыққа қызмет орталықтарында көрсетіледі. Егерде бұрын бір терезе қағидасы бойынша жұмыс жасасақ, бүгінде бір өтініш принципі бойынша қызмет көсретудеміз. Келген азаматшаға  бір өтініш бойынша туу туралы куәлік, күтімі жайлы құжат және кезекке де қоямыз. Бұл  жаңашылдық бойынша біз ТМД арасында көш басындамыз. Цифрлы Қазақстан бағдарламасы  аясында электронды  форматта қызмет алуға болады».

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының өңірлік филиалы қарқынды жұмыс режиіміне көшкен. Филиал құрамындағы 25 фронт-офис пен 34 бэк-кеңселерде мыңнан астам маман халыққа қызмет көрсетеді. Бір анықтама үшін талай табалдырықты тоздыру өткеннің еншісінде екенін ұғындырғандар мұндай акцияларды жиі ұйымдастыруға бел байлап отыр.

Шынар Оразова