Әл Фараби ауданындағы 4 мектепте балалар үш ауысымда білім алады

322

Әл Фараби ауданында 4 мектепте балалар үш ауысымда білім алады. Бұл туралы бүгін аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловтың есепті жиналысында айтылды. Ауданда аулаларды абаттандыру, көшелерді жарықтандыру, көпқабатты тұрғын үйлерді күтіп ұстауға қатысты түйіткілдер де аз емес. Солардың бірақатарын бүгін тұрғындар жергілікті шенеуніктерге жеткізді.

Жылдық есептік жиын негізінен арыз-шағымға емес, керісінше мақтау-мадаққа ұласты. Жарыссөзге жазылғандар да, залдан сөз алғандар да Мәуленқұлов мырзаға алғыстарын жаудырды. Десе де, кей коммуналдық проблемалардың тетігі табылғанмен, орталық ауданда әлі күнге үш ауысымды білім беру жүйесі оң шешілмей отыр.

Айта кетейік, былтыр аудандағы 22 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылып, балалар ойын алаңшасы орнатылған. 33 спорт алаңшалары салынып, ел игілігіне беріліпті. Алайда, ауладағы мәселелер мұнымен де біптек емес. Себебі, есептік жиынға келгендердің арасында аула абаттандыруды сұрағандар аз болмады.

Әкім сөзіне қарағанда көпқабатты тұрғын үйлерге бай ауданда биыл да модернизация бағдарламасы аясында баспаналар жаңартылады. Қазір жөндеу жұмыстарының кезегін күткен 22 көпқабатты үй бар екен. Залда отырып, сөз сұрағандардың арасында модернизация бойынша өтініштерін жеткізді.

Былтырғы жылдың еншісіндегі жұмыстардың бірін қалдырмай сүзгіден өткізген аудан әкіміне түрлі сауалдар жолданды. Олардың барлығын да түртіп алған аудан басшысы жұмыс жоспарынан тыс қалдырмайтынын айтып көпшілік уәде етті.

Мақпал Рысбаева