Мектептерден 100 метр қашықтықта темекі өнімдерін сатуға тиым салынуы мүмкін

834
фото Aikyn.kz

«Атамекен» ҰКП «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» жаңа кодекстің жобасын қоғамдық талқылауға шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Атап айтқанда, кодексте білім мекемелерінен 100 метр қашықтықта темекі өнімдерін сатуға тыйым салынған. Бұдан бөлек, темекі өнімдерін сөреге қоюға болмайды. Ал шағын сауда орындары (ауданы 10 шаршы метрге дейінгі) темекіні мүлдем сата алмайды.

Қазақстанның алкоголь және темекі өнімдерін өндірушілер қауымдастығының президенті Әміржан Қалиевтің айтуынша, кодекске енгізілген шектеулер тым қатты. Соның салдарынан жасырын сауда күшейіп, сыбайлас жемқорлық әрекеттері көбейеді.

«Естеріңізде болса, 100 метрлік қашықтықта алкоголь өнімдерін де сатуға тыйым салынған болатын. Бірақ аталған норма өз нәтижесін бермеді. Сол себепті оны алып тастады. Сауда орындарының ауданына қарай темекі сатуға тыйым салу мәселесі де бар. Жалпы, біз қарсы емеспіз. Бірақ бұның барлығын бір уақытта іске асыру қиын. Аталған шараларды біртіндеп жүзеге асыру қажет. Әйтпесе, заңсыз сауда күшейіп кетеді, контрафактілік өнімдер де кең таралуы әбден мүмкін. Сосын кодекс бойынша қоғамдық жерлерде темекі шегуге тыйым салу жоспарланған. Қазіргі кезде біз осы мәселені пысықтап жатырмыз», – деді Ә.Қалиев журналистерге берген сұхбатында.

«Атамекен» ҰКП таратқан ақпаратқа сәйкес, 10 шаршы метрге жетпейтін шағын дүкендерге темекі өнімдерін сатуға тыйым салса, мыңдаған сауда орындары банкротқа ұшырайды. Себебі, оларға тиесілі табыстың 30-40 проценті темекіден түседі.

Ал «100 метрлік шектеу» республика бойынша сауда орындарының 80 процентін, нақты айтқанда, 49 000 шағын және орта бизнес өкілдерін шығынға батырады.