Салыққа салғырт қарау – шетелге шығу мүмкіндігінен айырады

444

Салыққа салғырт қарау – шетелге шығу мүмкіндігінен айырады. Ол аздай банктегі есепшоттарыңыз жабылып, қаржыдан да қағыласыз. Мамандар жер, мүлік және көлік салығын төлеу мерзімі өткенін ескертеді. Алайда міндетті төлемдерден жалтарып жүргендер  де аз емес.

Дүйсен Әлібеков, салықты міндетті төлем деп есептейді

Еңбекші  ауданының тұрғыны Дүйсен Әлібеков былтырғы  салықтар бойынша қарызын  анықтауға  келіпті. Салық төлеуші бұл төлемдердің қаладағы қордаланған мәселелерді шешуге жұмсалатынынан хабардар. «Мамандар базадан көріп берді. Өткен жолы төлегенде, алдыңғы жылдардағы өсімпұлы қалды деген соң тексере салайын дегенім ғой. Бюджетке түскен салықтарға мектептер, емхана мен ауруханалар, тұрғын үйлер салынатын жақсы білеміз. Сондықтан да міндетті төлемдерді уақытысында өтеген дұрыс деп есептеймін»,- дейді ақсақал.

Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасымен жоспар 37 648,3 млн. теңгеге артығымен орындалды. Жылдың қорытындысы бойынша 5 420424,1 мың теңге қосымша кіріс көздері өндірілді. Айта кететін жәйт қарыздарды өндіру жалғасып жатыр.

Сәбит Темірәлиев, Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары

Сәбит Темірәлиев, Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары: «Бүгінде жер, мүлік,көлік салығынан 35 мың азаматтың қарызы бар. Қазынаға 235 млн. теңге берешек  әзірге түспей отыр. Біз өз тарапымыздан пошта, электронды түрде хабарламалар таратудамыз. Коммуналдық төлемдермен бірге   мемлекеттік кірістер басқармасынан хабарлама келсе, онда  міндетті төлемді өтеуіңіз керек. Өндіру жұмыстарына  сот орындаушылары  да тартылған. Бүгінде ауданда  7 мыңдай сот бұйрықтары шықты. Сот орындаушыларымен 45 млн. теңге өндірілді».

Берешек жайлы мәліметті  мемлекеттік кірістер минситрлігінің сайтынан білуге болады. Ескеретін жәйт, егерде қарызыңыз болса, онда екінші деңгейлі банктердегі есепшоттарыңыз жабылып, шетелге бару мүмкіндігінен айрыласыз. Мүлік, жер, көлік салығын бүгінде Азаматтарға арналған үкімет порталы арқылы да төлеуге әбден болады.

Шынар Оразова