Шымкент қаласында, жол-көлік оқиғасының салдарынан 200-ге жуық жеке тұрғын үй табиғи газсыз қалды. Жол-көлік оқиғасы Ж. Тәшенов пен Сман Әзімов көшелерінің қиылысында болған. Бір тәулік бойы тұрғындар қақаған суықта дірдектеп шығуына тура келді. Тұрғындар зақым келген құбырларды дер кезінде жөндемеген газшыларға наразы.

Жол апаты қыс ауасында бірнеше жүздеген адамның бүрсеңдеуіне әкеп соқтырды. Екі шетелдік көліктің соқтығысуы салдарынан орташа қысымдағы га құбырын ортасынан бөліп жіберген.

Любовь Жилибовская, көше тұрғыны: «Сағат алтыда екі көлік соқтығысқан. Гуілдеген дыбыстар шықты. Соққының қатты болғаны сонша үйіміз дірілдеп кетті. Бәрі үйінен шығып, газды өшіруге тырысты. Алайды газдың бұрандасы істен шыққан. Қанша қоңыраулаттық, келіп көрді де, бізде материал жоқ күтіңдер деді. Қаншама адам суықта жаурап дірілдеп отырмыз».

Көптен бері жаймашуақ мінез танытып тұрған Шымқаланың ауа райы кешеден бері алабөтен мінез танытып, қысып берді. Бұл табиғи отынсыз қалған тұрғындарға ауыр тиіп отыр. Надежда Подольская, қала тұрғыны: «Бүгін аяз болып тұр. Үйіміздегі жылыту құбырлары жарылып кетсе не істейміз? Газшылардың өз істеріне, халыққа немқұрайлы қарауының салдарынан біз зардап шегіп отырмыз. Тез арада апатты жойып жылдам қимылдаулары керек емес пе? Кішкентай балалары бар отбасылар көп. Оларды ойлап жатқан кім бар?» Ақаш Ниятбек, «ҚазтрансГаз Аймақ» АҚ Шымкент өндірістік филиалының директорының орынбасары: «Апат салдарын анықталу үстінде. Яғни, ауқымы қанша екені, қанша материал қажеттігі зерттелу үстінде. Бәрі қалпына келтірілген соң газ қосылатын болады».

Оқыс жағдай кез-келген уақытта орын алуы бек мүмкін. Оның соңы алапат өртке ұласуы да мүмкін еді. Бүгінгі жағдай біздің алпауыт компаниялардың оқыс жағдайларға мүлдем дайын еместігін дәлеледеп берді.