Шымкентте алимент өндіре алмай жүрген аналарға көмек көрсетілді

443

Бүгін Шымкентте алимент өндіре алмай жүрген аналарға көмек көрсетілді. Қалалық прокуратура мен Әділет департаментінің ұйымдастыруымен өткен «Ашық есік күніне» келген азаматшалар мамандардан кеңес алды.

Өз перзентінен безіп, асыраудан жалтарған әкелерді қандай жаза күтіп тұр? Алимент өндіруде аналардың да, заңгерлердің де қолын байлап тұрған не жағдай?

Зәуре Қосынбекованың алимент өндіре алмай жүргеніне табаны күректей 3 жыл болыпты. Қазіргі төлем көрсеткішімен алғанда 40 мың теңгені ай сайын перзентін асырау үшін төлеп отыруы тиіс борышкер түрлі құйтырқылықтарға барып, келіншекті сандалтып қойған. Істің мән жайын білмек үшін хабарласқанда сот орындаушылары да қоңырауға жауап бермей қинайды дейді ол.

Зәуре Қосынбекова, алимент өндіруші: «Шымкентке келген сайын сот орындаушыға хабарласамын. Телефонды көтермейді. 3 жылдан бері бір тиын өндірмедім. Күйеуім мемлекеттік жұмыс істемесе де жұмыссыз емес, жұмыс істейді».

Осыған дейін аяушылық білдіріп келген келіншек енді борышкердің қылмыстық жазаға тартылуына да қарсы емес. Балаларын тап осындай жағдайда қалдырып алимент төлеуден бас тартқан 2 жарым мыңға жуық шымкенттік әке бар.

8 мыңнан аса борышкердің орташа есеппен 30 пайызы түрлі себеп-сылтаулармен бала қамқорлығынан бас тартуда дейді әділет органы өкілдері. Осылайша 2748 бала өздеріне тиесілі несібесінен қағылып отыр.

Әкелердің балалары алдындағы қарызы 245 636 688 теңгеге жеткен дейді дейді жауаптылар. Мамандар алимент төлемеу үшін тіпті мал-мүлкі мен күнделікті табысын да өз перзентінен жасырған безбүйрек әкелерді жазалауға келгенде заң да, заңгерлер де тіпті аналар да осалдық танытатынын жасырмайды. Олай деуімізге проблемалық санатқа жатқызылған 2 жарым мың істі саралап шыққанда бірде-бірі борышкердің қылмыстық жауапкершілікке тартылмауы себеп.

Айнұр Исабекова, Шымкент қаласы Әділет департаментінің бөлім басшысы: «Алимент төлеуден жалтарғандарға қолданылатын ең соңғы жаза – ол қылмыстық жаза. Біз істі полицияға тапсырамыз. Жұмыссыз әкелерге жұмыс ұсынылады. Бірақ көбісі бас тартады. Заң аясында ешкімді жұмыс істеуге мәжбүрлей алмаймыз».
Ашық есік күні шарасы басталған алғашқы жарты сағаттың өзінде алимент өндіру үшін маманға жүгінуге келген аналардың саны 40-тан асты. Мұның өзі тиісті төлемге қол жеткізе алмай жүрген жерлестеріміздің жетерлік екенін аңғартса керек.

Бүгінде отбасылық мәселесі деңгейінен асып қоғамның бас аурына айналған алимент жайы келер жылы шешімін табуы мүмкін деп үміттенеді мамандар. Себебі, 2020 жылы елімізде жалпыға бірдей кіріс пен мүлік декларациясын тапсыру міндеттеледі. Әзірге баласын бағып-қағудың орнына алименттен жалтару үшін түрлі пысықайлыққа баратын борышкерлердің қылығы тіпті құзырлыларға да құрық байлатпай отыр.

Мақпал Рысбаева