Құзырлылар базардағы жаймаларды бұзып тастады

278

Бүгін Шымкент қаласы Әл Фараби ауданының полиция қызметкерлері «Қырғы базар» аумағында рейд ұйымдастырды. Заңсыз сауданың жолын кесуге бағытталған шара кезінде құзырлылар рұқсат берілмеген орындардағы жаймалар мен жабындыларды бұзып, қоқысқа шығарды.

Заңсыз саудамен күреске шыққан құзырлылар жаймалар мен жабындыларды бұзып тастады. Пысықайлар рейд жүргізілетінінен хабардар болса керек, саудаға рұқсат етілмеген жерлерден бой тасалап үлгерген. Салаға жауаптылар мұндай рейдтік шаралар қаладағы өзге де сауда орындарында ұйымдастырылады дейді.

Әсия есімді саудагер базар ішіндегі орындардың қымбаттылығына наразы. Амалының жоқтығынан осында сауда істеп, күн көріп жүр.

Әкімдік пен қаладағы базар басшылары меморандумға қол қойды. Соның аясында 70 адамға сауда орындары беріледі. Олар 2 ай бойы тиісті төлемдерден босатылады. Бірақ бұл ұсыныс сатушылардың көңілінен шықпай отыр. Бәсекеге төтеп бере алмайтынын айтқан саудагерлерге базардың сыртында жұмыс істеу ыңғайлы екен.

Нұрлан Сұлтанбек