Түркістан облысының прокуроры Мақтарал ауданы тұрғындарымен кездесті

508

Түркістан облысының прокуроры Нұрғалым Әбдіров кезекті жұмыс сапарымен облыс өңірлерін аралады.

Бұл жолы прокурор облыстың полиция мен мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшылығымен, «Атамекен» ҚР ҰКП өкілімен бірге Мақтаарал ауданына келіп, халықпен кездесті.

Аталған іс – шараның ерекшелігі, мұндай сапарлар халықты толғандыратын мәселелерін бір ауыздан естуге, оған шұғыл шешім тауып, алынған ақпарат расталған жағдайда, оны заңға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Жеке қабылдауға түрлі бағыттардағы салалар бойынша мәселелермен бөлісуге 15 азамат келді. Арызданушылардың кейбіреуі жер және тұрғын үй саладағы заңнамалардың бұзылуын хабарлап, қылмыстық қудалау органдары қабылдаған процессуалдық шешімдерімен келіспейтіндігін атап көрсетті.

Өзекті мәселелердің бірін Мақтаны зерттеу институтының директоры Ибадулла Үмбетаев көтеріп, «Ауданда 84 мың тоннаға жуық мақта жиналды, бұл ретте осы уақытқа дейін мақтаны қабылдау бағасы белгіленбеген, бұл өз кезегінде ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерді қатты алаңдатады» деп, көмек көрсетуді сұраған.

Сонымен қатар, екі ауыл тұрғындары жол-көлік оқиғасының өсуі, жол қозғалысының қауіпсіздігі, соның ішінде автомобиль жолдары сапасының мәселесін көтерді.
Өтініш білдіргендердің ешқайсысы назардан тыс қалған жоқ. Өтініш берушілермен сұхбаттасқан Н.Әбдіров әрбір мәселені шешудің дұрыс жолдарын табуға тырысты.

Азаматтардың өтініштерін және онда қойылған сұрақтарды талдай келе, облыс прокуроры аудан белсенділерімен кездесу барысында жергілікті атқару органына ауылдардағы бизнесті қолдау мәселесіне көңіл аудару қажеттілігін, жер қатынастары саласындағы заң бұзушылықтарды жоюға, жол сызулары мен белгілерін жаңартуды ұсынды, ал полиция бөліміне жол жүру қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, тірек бекеттерінің қызметін күшейтуді және тергеу сапасын жоғарлатуды тапсырды.
Өңірдің көпұлттылығын ескере келе кездесу барысында ұлтаралық қатынастар жағдайы және көші-қонға байланысты мәселелер талқыланды.

Аудан прокурорына құқық қорғау органдарының қылмыспен күресудегі жұмыстарын үйлестіруді қамтамасыз етуде нақты тапсырмалар берілді.

 

QAINAR KÓZТүркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі