Елімізде педофильдер өмір бойына бас бостандығынан айырылады

366
фото Zakon.kz

Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов мәлім етті.

Жалпы отырыста палата депутаттары қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасын талқылады. Құжаттың басым бөлігі жыныстық қатынастағы қылмыстарға қатысты болып отыр. Зорлау мен сексуалды сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер үшін жаза қатаяды.

Марат Ахметжанов, Бас прокурордың орынбасары: «Атап айтсақ, зорлау, яғни жәбірленушіге немесе басқа адамдарға күш қолданып, оның дәрменсіз күйін пайдаланып, жыныстық қатынас жасау ауырлығы орташа қылмыстан ауыр қылмыс санатына көшеді. Бұл жерде де татуласу болмайды. Ал балаларға қарсы жасалған осындай қылмыстар үшін жаза тіптен қатал болмақ. Бұл аса ауыр қылмыстар санатына жатады. 14 жасқа толмаған балаларға қарсы жыныстық сипаттағы қылмыстар үшін тек қана 20 жыл бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы ұсынылып отыр».

Сонымен қатар, педофилия бойынша айғақтарды бұрмалағаны үшін, тек қана бұрмалап және жасырып қоймай, біліп тұрып, хабарламағаны үшін де жауапкершілік көзделген. «Бұл әрекеттер ауыр қылмыстар санатына кіретін болады. Мысалы, интернатта тәрбиеленіп жатқан балаларға қарсы қылмыстарды тәрбиеші жасырған болса, тиісті жауапкершілік ескерілген», – деді Бас прокурордың орынбасары.

Мақпал Рысбаева