Түркістан ірі мегаполиске айналады

195

Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев Түркістан облысына жұмыс сапары аясында облыс орталығындағы мәде­ни-ағарту нысандарының, әртүрлі бақтар мен ар­баттың құрылыс жоспарымен танысты. Сонымен бірге Елбасына «Күлтөбе» қалашығы археологиялық паркін құру жоспары таныстырылды, деп хабарлайды «Егемен Қазақстан«.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Шығыс Қазақстан облысы Түркістанға тарту еткен әуенді субұрқақ орналасқан жаңа алаңда қала жұртшылығымен кездесіп, облыс орталығының алдағы уақытта көркейіп, дами беретінін атап өтті. «Терең тарихқа үңілетін болсақ, бұл – қасиетті өңір, киелі жер. Жиырма бір ханымыз жерленген, сұлтандарымыз бен әулиелер мәңгілік тыныштық тапқан өте киелі орын. Тәуелсіздік алғаннан кейін, әрине мен көне шаһарға ерекше назар аудардым. Тіпті астананы таңдаған кезде де біраз ойландым. Бірақ оған жағдай болмады, өздеріңіз білесіздер.

Міне, енді уақыты келді. Түркістан қаласын облыс ор­талығы етіп, қайтадан жандан­дырып, елімізге осы киелі орданы қайтару мүмкіншілігі туды. Бұл қала бүкіл Түркі дүниесінің орталығы екені бәрімізге белгілі. Көрші ағайындар Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан қуанып жатыр. Олар да атсалысып, бізге көмектеседі деп сенемін. Түркістан шаһары алдағы уақытта ірі мегаполис­ке айналады. Осыдан біршама жыл бұрын Түркістанның 1500 жылдығын атап өтеміз деп біраз шаруаны атқарған едік. Сонда осы алаңда кездесіп, сөйлескенбіз. Сол кезде Түркістан орталық болады деп айтқанмын.

Мінекей, былтыр мен тарихи Жарлыққа қол қойдым. Елімізде Алматы, Нұр-Сұлтан және Шымкент – бір миллион тұрғыны бар қалалар қатарында. Болашақта осындай үлкен қалаларда экономика, мәдениет – барлығы өсіп-өркендей береді. Біз де сол жолмен жүреміз. Алдағы уақытта миллион тұрғыны бар қалалар саны тағы артады», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ Елбасы бүгінде облыс орталығында құрылыс қарқын алғанын, оның ішінде Қожа Ахмет Ясауиге, Қазақ тарихына, Түркі тарихына байланысты нысандар салынып жатқанын атап өтті. Туризмнің дами түсетініне сенім білдірді. «Түркістанда бірнеше кезеңде 175 ғимарат салу жоспарланған. Соның 102-сі биыл іске қосылады. Жұмыстың қандай қарқынмен атқарылып жатқанын көріп отырсыздар. Бұл үшін мен осы жерде барлық облыстардың басын қостым. Қолынан іс келетін азаматтар өз шаруасын дөңгелетіп әкетіп жатыр. Болашақта әдемі қала болады, халық саны өседі. Қазір қала тұрғындарының саны 170 мың болса, меніңше аз уақыттың ішінде жарты миллионға жетеді. Кейін одан сайын көбейеді деп ойлаймын», деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанның алдағы уақытта тарихи, мәдени орталыққа айналатынына сенім білдірді. «Түркістан үлкен қалаға айналып, жан-жақтан туристер келетін болады. Биылдың өзінде бір миллион­нан астам турист келіпті. Ал, мына ғимараттар салынғаннан кейін тарихи, мәдени орталық қалыптасып, туристер көптеп келетін болады. Демек, түркістандықтар жұмыссыз қалмайды. Мына салынып жатқан ғимараттарда, қонақүйлерде қан­шама түркістандық жұмыс істейтін болады, осы шаһардан нәпақасын тауып, халықтың әл-ауқаты жақсарады», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Елбасының Түркістан облысына жұмыс сапары бүгін жалғасын табуда.