Жастарға жалдамалы баспана. Қалай беріледі?

801

Қазақстан Республикасының азаматысыз ба? Техникалық, кәсіптік, жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының бірінде оқығансыз ба? Тұрақты жұмыспен қамтылып, 101 мың теңге көлемінде жалақы аласыз ба? Немесе жеке кәсіппен айналысып, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесіңізді қосып жүрсіз бе? Ендеше ағымдағы жылдың 25-29 қарашасы күндері өтетін науқаннан қапы қалмаңыз! Жоғарыдағы критерийлерге сәйкес келетін, 29 жасқа толмаған азаматтар осы күндері коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз берілетін тұрғынжайға құжат тапсыра алады.

904 ЖАС БАСПАНАЛЫ БОЛАДЫ!

Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жандос Қалтаев осылай дейді. Оның сөзінше, «Жастар жылы» аясында 2019 жылдың 29 тамызы күні жастарды тұрғын үймен қамту туралы қағида бекітіліп, өз күшіне енді. Соған сәйкес, жыл соңына дейін шымкенттік 904 жасты баспанамен қамту жоспарланып отыр.
– Бұл қағида ҚР «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» 2015 жылғы 9 ақпандағы Заңының 6-бабы, 12-1 тармақшасына сүйеніп әзірленді. Онда, 29 жасқа толмаған, жалпы білім беретін мектептердің немесе техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беретін оқу бағдарламаларын меңгерген және еңбек қызметін жүзеге асырып жүрген Қазақстан Республикасының азаматына коммуналдық тұрғын үй қорынан сатып алу құқығынсыз тұрғынжай берілсін деп жазылған. Баспана Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 22 маусымдағы № 372 қаулысымен бекітілген тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасында белгіленген «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы үйлестірілмек, – деді басқарма басшысы.

ПӘТЕР САТЫП АЛУҒА 2,2 МЛРД ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ

Маманның мәліметінше, биыл қағидағы сәйкес, барлық талапқа сай келетін:
– Нұр-Сұлтан;
– Алматы;
– Шымкент қалаларында жұмыс істейтін 3 мың жас баспаналы болады. Бұл үшін республикалық трансферттен 6,5 млрд теңге бөлініп қойған.
Еске салайық, жастарды баспанамен қамту шаралары Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында қараша айының басында басталып кетті. Қолдағы мәлімет бойынша, құжат қабылданған 5 күнде 5000 нұрсұлтандық жастан өтініш келіп түскен. Соның 1050-і ғана сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы пәтерге ие болады.
– Шымкент қаласы бойынша 40 000-ға жуық адам мемлекеттік баспана кезегінде тұр. Соның 10 мыңы 29 жасқа дейінгі жас. «Жастар жылы» аясында шымкенттік жастарды қолдап, оларды өз шаршы метрлерімен қамтамасыз ету үшін қарап отырған жоқпыз. Мәселен, биыл пайдалануға берілетін 904 пәтердің 304-ін қалалық құрылыс басқармасы тапсырады. Бұл пәтерлер Гагарин, Ақназархан көшелері және Шымситиден бой көтерілуде. Қалған 600 пәтер қалада жаңадан бой көтерген үйлерден беріледі. Өкінішке қарай, дәл қазір қаладағы «первичный» үйлердегі пәтерлер саны – екі жүз-ақ. Сондықтан қалған пәтерді сатып алу үшін мемлекеттік конкурс өткізіп жатырмыз. Бұл мақсатта 2,2 млр теңге қаржы бөлініп отыр,-дейді Қалтаев.
Алға қойғын меже бойынша 2021 жылы – 1000, 2022 жылы – 1000 пәтерден беріледі.

5 ЖЫЛҒА ҒАНА БЕРІЛЕДІ

Басқарма пайдалануға берілетін пәтерлердің 1, 2 , 3 бөлмелі болатынын айтты. Пәтердің жалдау құны оның ауданына байланысты болады деп қысқа қайырды. Пәтерлердің ауданы жайлы алдағы уақытты мәлімет береміз деп уәде етті. Тек жалдау құнының 5-15 мыңнан астайтынын айтты. Сатып алу құқығы берілмейтіндіктен, жастар 5 жылдан соң пәтерді босатуы керек деп шегеледі.
– Бұл баспана жастарға 5 жылға жалға беріледі. Осы аралықта пәтер иесі баспана ақысын төлеп қана қоймай, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен» есепшот ашып, соған қаражат жинауы керек. Себебі, 5 жылдан соң бұл баспаналар басқа да жастарға беріледі. Ал ол басқа да мемлекеттік бағдарлама арқылы өзіне баспана алады,- деді Жандос Қалтаев.
Осы ретте айта кетейік, конкурсқа құжат тапсыру кезінде өтініш берушінің банкте депозиттік шотының бар-жоғы рөль ойнайды. Және өтініш берушінің отбасылы, балаларының болуы да ескеріледі. Себебі, пәтерді үйлестіру балдық жүйе бойынша жүзеге асырылады.

БІРІНШІ БОЛЫП ҚҰЖАТ ТАПСЫРҒАН АЛАДЫ!

Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мәлік Әбдінұровтың айтуынша, жалдамалы баспана беру үшін өтініш тапсырушыларға балл беріледі.
Сонымен:
1) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы №746 қаулысымен бекітілген Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша уәкілетті орган бекіткен нарықта 100 (жүз) сұранысқа ие кәсіптер тізбесіне сәйкес кәсіпті меңгерген өтініш берушіге –10 балл;
2) отбасы болған жағдайда – 5 балл, некеде тіркелген әрбір жылы үшін – 2 балл;
3) 1 (бір) бала болған жағдайда – 1 балл, әрбір кейінгі бала үшін – 2 балл;
4) жеке кәсіпкерлік қызметті жүзеге асырған кезде кемінде 1 жыл – 5 балл, әрбір жыл үшін – 1 балл;
5) өтініш берушінің түрлі қызмет салаларында жеке жетістіктері болған жағдайда – 2 балл;
6) бюджеттік ұйымдардағы еңбек қызметі үшін (мемлекеттік мекемелерде мен мемлекеттік кәсіпорындарда) – 5 балл, өтілінің әрбір жылы үшін – 1 балл;
7) екінші деңгейлі банктердің жинақ шоттарындағы (депозиттеріндегі) жинақтардың әрбір жылы үшін – 2 балл.

Ескерту! Егер үміткерлердің жинаған балдары тең болған жағдайда, бірінші болып өтініш берген үміткерге басымдылық беріледі.
– Құжат қабылдау науқаны 5 күнге созылады. Одан соң 5 күн бойы құжаттарды іріктеп-саралаймыз. Егер құжаттан қандай да бір кемшілік, бұрыстық анықталса үміткерге оны түзетуге 1 жұмыс күні беріледі. Шешім шыққан соң 15 (он бес) күнтізбелік күн ішінде өтініш беруші мен уәкілетті орган арасында тұрғын үйді жалдау шарты жасалады,- деді Мәлік Әбдінұров.
Өтініштерді қабылдау, пәтерлерді үйлестіру сынды жұмыстармен Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясына жүктелгенін білдік.

ЖАЛАҚЫ ҚОЛ БАЙЛАУ БОЛМАСА…

Жиналғандардың көбі осылай деп тарқасты. Себебі, талап бойынша өтініш беруші жастың жалақысы 40 АЕК, 101 мың теңге болуы тиіс. Яғни, зейнетақы қорына ай сайын жалақысының 10 пайызынан түсетін жарнасы – 10100 теңгені құрауы керек. Аударымдар соңғы 6 айда үзілмеуі шарт.
Дегенмен, орташа жалақының 70-80 мың теңгеден аспайтынын ескерсек, жалдамалы пәтерді алу көптеген жасқа мұңға айналатын секілді. Өйткені, мұндай жалақыны жас түгілі бірнеше жылдық тәжірибесі бар, белгілі бір санат иелері шаққа алып жүр. Мұны құзырлы мамандар да растап отыр. Айтуларынша, министрлікке айлық есептік көрсеткішті 40-тан төмендетуді ұсыныпты. Алайда, министрліктегілер бұл ұсыныстарды ескермеген ұқсайды. Себебі, жергілікті атқарушы органдарға жолдаған ережесіне ешқандай өзгерту енгізбеген. Тіпті, «жалақы жетпеген жағдайда жұбайының жалақысы есепке алынсын» деген ұсыныстар ереже де ескерілмеген. Яғни, баспаналы болуға ниет білдірген жастың айлық табысы 101 мың теңге болуы тиіс. Жиында жас ерекшеліктер туралы да сөз қозғалды. Жиналғандар ерлі-зайыптылардың біреуінің жасы 29-дан асып кетсе, конкурсқа кері әсер етпейді ме деп сұрады. Мамандар ең бастысы құжат тапсыру мерзіміне өтініш берушінің жасы 29-дан аспаса болды деп шегеледі.

Қажетті құжаттар: 

Жалдамалы баспана алуға қажет құжаттар тізімі:
1) өтініш;
2) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі (түпнұсқа жеке басын сәйкестендіру үшін ұсынылады);
3) білімі туралы құжаттың көшірмесі;
4) неке қию туралы куәліктің көшірмесі (бар болса);
5) балалардың туу туралы куәлігінің (терінің) көшірмесі (бар болса);
6) өтініш берушіге және отбасының барлық мүшелеріне жылжымайтын мүліктің жоқ (бар) екендігі туралы анықтама;
7) жұмыс орнынан анықтама;
8) өтініш берушінің ай сайынғы табысын кемінде 40 (қырық) айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде растайтын соңғы алты ай ішіндегі табысы туралы анықтама;
9) Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес еңбек өтілін растайтын құжаттар;
10) банктік шоттың болуы және нөмірі туралы анықтама және банктік шот бойынша ақшаның қалдығы және қозғалысы туралы үзінді;
11) өтініш берушінің түрлі қызмет салаларындағы жеке жетістіктерін растайтын құжаттарды (бар болса) өткізу қажет.

Құжаттарды Шымкент қалалық тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясына өткізу қажет. Мекенжайы: Республика даңғылы, 12, 9 қабатты ғимараттың 1 қабаты (Жалын аялдамасы)

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

«Оңтүстік Рабат», №47, 20 қараша 2019 ж