Жастарға пәтер: жап-жаңа, бірақ бітпеген

234

2019 жыл – «Жастар жылы» жастардың жылы болды ма? Жастар жылында жастарға арналған қандай істер атқарылды? Ойлана-ойлана келе, еске түсері – жалғыз нәрсе: ол – жастарға берілетін жалдамалы баспана. Өткен жылдың соңында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында осы бағдарлама аясында 3 мыңдай пәтер берілді. Республикалық маңызы бар қала мәртебесіне ие Шымкентте де қоныс тойын тойлаған, не тойлайтынын білетін, бірақ пәтер кілті қолына тимеген жастар бар. Қағаздағысы – 904 пәтер, әзірге үлестірілгені бұдан аз. Әйтсе қоныс тойын тойлап, бірақ әуре-сарсаңға батқандары да баршылық. Соның бірі – Бауыржан Әбдіразақов. Оған «Нұрсәт» шағынауданындағы әкімшілік-іскерлік аумағындағы көпқабатты тұрғын үйден пәтер кілті тиген.

Ол пәтер кілтін қолына алғалы бері сағат сайын жылу құбырының ауасын шығарып отыруға мәжбүр. Жаңа болғанымен де пәтерлердің жыры таусылмапты. Не жарытып жылы су, не көгілдір отын берілмепті. Амалы қалмаған жастар белгілі бір уақытқа ғана берілетін суды жинап алып, бір өшіп, бір жанатын электр жарығына ас-ауқатын даярлайды.


– Қолымызға кілтті беріп, үйді бірге аралағанда барлығы да мінсіз жұмыс жасап тұрған еді. Пәтер іші де жып-жылы, ыстық су ағып, жарық та қосулы болатын. Сөйтсек, барлығы да көзбояушылық екен. Көп ұзамай бұл игіліктің барлығы көзімізден бұлбұл ұшты. Қазір 21 ғасырда өмір сүріп жатыр деген атымыз ғана бар. Бірақ, шын мәнісінде өткен ғасырда өмір сүріп жүргендейміз. Осылайша, тоқырау замандағы қиындықтар біздің ата-аналарымыз ғана көріп қоймай, бізге де дәмін тату бұйырып тұр екен,-дейді жас отбасының иесі Бауыржан Әбдіразақов.

Әйткенмен, мұнымен Шымкент қаласы Құрылыс басқармасының басшылығы келіспейді. Басқарма басшысы Ғалымжан Өтенбаевтың сөзінше, бүгінде жарық та, жылу да, ыстық су да жеткізілген. Көпшіліктің көріп жатқан қиындықтарын теріске шығарған ол тағы екі үйдің құрылысы аяқталмағанын айтады.
– Бүгінге дейін 27 үй салынып бітті. Олардың басым бөлігі «Нұрсат», «Шымсити» шағынауданы мен Хақназар хан көшесінде орналасқан. Ешбірінің де құрылысында кемшілік жоқ. Кемшілік табам, деген ниетіңіз болмаса, әрине,-дейді құрылыс басқармасының басшысы Ғалымжан Өтенбаев.

Басқарма басшының тәкаппар сөзін жалдамалы баспанаға көшкен жастар терістейді. «Кемшілік іздемей-ақ, бар кемшілік алдымыздан шығып жатыр» деген жастардың сөзінше, жаңа үйдегі су құбырларынан ақау шыға бастаған. Мұның бір дәлелі – араға ай салмай, суы сыртқа атқылаған құбырлар.
Құбырдан аққан суды сүртіп, құрғатудан шаршаған жұрт «арзанның сорпасы татымас, бақылау жоқта, ештеңе жарымас» деп отыр.

– «Жастарды жарылқадық» деген жауаптылар жақсылықты соңына дейін жасауы керек еді. Бізді сонда мазақ қылғаны ма? Бәрімізге пәтер бергенімен, өркениет игілігінен шет қалдырып отыр. Базынамызды кімге айтарымызды білмейміз. Барлығы да бастарын алып-қашып жүр,-дейді жастарға берілетін арендалық баспананың кілтін ұстағандардың бірі Ербол Қозбанов.
Осылайша қос тараптың сөздері бір-бірімен мүлдем ұштасар емес. Арендалық баспананың айлық төлемі – 10-12 мың теңге шамасында. 10-12 мың теңгеден әрі аспайды.
Әуелде жалдамалы баспана іріктеу негізінде берілді. Көп балл жинаған жастар тізімнің басында тұрады.
Конкурстан өтіп, орналасқан пәтерлерінің бар сиқы осы.
Айта кетейік, осы мәселеге байланысты қаланың құрылыс басқармасынан жауап алғанымызбен, тұрғын үй қатынастары басқармасының жауабын білу мүмкін болмады. Не дегенмен аталған басқарма жастарға пәтер үлестірумен айналысады.
Айта кетейік, алдағы екі жылды қоса есептегенде, Шымкентте барлығы 3 мың жалдамалы баспана жастарға беріледі.
Атап өтер бір жайт, жастар жалдамалы пәтерді 5 жылдан кейін босатуға тиіс. Осы уақыт аралығында оларға үй сатып алуға ақша жинап үлгеру қажет.
Елімізде 29 жасқа толмаған 4 миллионға жуық жас бар. Олардың 245 мыңы – Нұр-Сұлтанда, 700 мыңы – Алматыда, 260 мыңға жуығы – Шымкентте тұрады.

Назерке ҮКІБАСОВА

«Оңтүстік Рабат», №6, 6 ақпан 2020 ж