Еңбек инспекциясы 1300-ден астам жұмысшының 164 млн. теңге жалақы қарыздарын қайтарған

152

 

Түркістан облыстық Еңбек инспекциясы бойынша басқармасы өткен жыл қорытындысымен 11 кәсіпорын мен мекемелерде 1344 жұмысшы алдында 214,3 млн. теңге жалақы қарыздарын анықтады.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 8 кәсіпорында 164 млн. теңге жалақы қарыздары төленіп, 1 313 жұмыскердің еңбек құқықтары қорғалды. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте басқарма басшысы Бегман Нұрмаханов мәлімдеді.

Бұдан өзге, былтыр басқарма тарапынан 1089 азаматтың арыз-шағымдары қаралып, олардың барлығына заңмен белгіленген мерзімде жауап берілген.

«Азаматтардың арыз-шағымдарының 36% – жалақы төлеу мерзімінің сақталмауына байланысты болса, 25% – еңбек шартын бұзу, 12% – еңбек демалысын уақытылы бермеу және 4% – жұмыс уақыты нормасын бұзу мәселесін көтерген. Өткен жылы мекемелер мен кәсіпорындарда барлығы 397 тексеру жүргізілді. Нәтижесінде 445 заң бұзушылық анықталып, оның 97,3%-ы жойылды. Қалғандарының орындау мерзімі бар», – деді Бегман Жамалбекұлы

Сонымен қатар, облыста шетелдік 22 ұйымда 7684 азамат жұмыс істейді. Оның ішінде ҚР азаматы – 7533, шетел азаматы – 151. Әлеуметтік дауларға жол бермеу мақсатында шетел қатысуымен құрылған кәсіпорындарда еңбек қатынастары бойынша заң және нормативтік актілердің сақталуы мен орындалуы басқарманың тұрақты бақылауында.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі