Қазақстан мектептеріндегі компьютерлердің 60 пайызы ескірген

161
????????????????????????????????????

Еліміздің мектеп оқушылары жаңа оқу жылын қашықтықтан бастайды. Осылай деген республиканың бас ұстазы Асхат Аймағамбетов бүгін бірқатар мәселенің басын шалды.

Кезекті рет брифинг берген министр Қазақстан мектептерінде копьютер жеткіліксіздігін де жеткізді. Сөзінше, білім ұяларындағы техниканың 60 пайызы ескірген.

1 сыныптан 11 сыныпқа дейінгі оқушылар жаңа оқу жылын мектепке бармай бастайды. Ата-аналар мен ұстаздарды алаңдатқан қашықтықтан оқыту мәселесіне ақыры нүкте қойылды. Брифинг берген Білім және ғылым министрі эпидахуалдың әлі өршіп тұрғанын айтады. Осыған байланысты мектептер оқушыларды толық қабылдамайды.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: «Шалғайдағы қауіп жоқ өңірлерде орналасқан мектептерде штатты режимді әрі қарай оқытуды ұйымдастыруды біз мүмкіндік беріп отырмыз. Егер ата-аналардың өтініштері болса, нақты бастауыш сыныптары бойынша біз уақытша сыныптарды ашып беруге дайынбыз».

Еске сала кетейік, Қазақстан оқушылары оқу маусымының соңғы тоқсанын үйде отырып аяқтаған еді. Сол кезде ел тарихында болмаған төтенше жағдай білім саласының да ақсап тұрған тұстарын ашып берді. Белгілі болғандай Қазақстан мектептерінің 60 пайызында компьтер ескірген екен.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: «Бұл проблемалар бір жылдың ішінде қалыптасқан проблема емес. Көптен келе жатқан, қордаланған проблеманың бірі. 405 мың компьютер десек, оның көбісі ескіріп қалған. Ол әрине әрқашан ескіріп отырады. Сондықтан оны жаңарту бойынша жұмыс қашан да жүргізіліп отыр. Бірақ, белсенді жүргізілмегендіктен, қазіргі таңда осындай проблема болып отыр».

Салдарынан тұрмыстық жағдайы төмен отбасындағы оқушылар мен ұстаздар арасында компьютер тапшылыққа айналды. Осы олқылықтың орнын толтыру үшін Білім және ғылым министрлігі жуырда ғана 36 мың копьютер сатып алды. Жетпеген техниканы әкімдік бюджетінен сатып алу көзделген.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі: «Оқудың дәстүрлі форматына өтсек те мектепте ешкім мектеп формасын талап етпейтін болады. Тәжірибе көрсеткендей оның аса қажеттілігі жоқ. Тек сатып алып қойған болсаңыз, қарсылық жоқ. Бастысы дәстүрлі оқу форматына өткенде мектепке таза, жинақы киіммен келу керек».

Айта кетейік, Қазақстанда биыл мектепке баратын оқушылар саны 3,5 млн-ды құрайды.

Назерке Үкібасова