Бүгін, 24 шілдеден бастап ҚР Парламенті Сенаты депутаттығына үміткерлер үгіт-насихат жұмыстарына кірісті.
Ол мақсатта әрбір кандидатқа 450 мың теңгеден Орталық сайлау комиссиясынан аударылды.
Естеріңізге сала кетейік, 23-ші шілдеде кандидаттарды тіркеу аяқталған болатын. Шымкент қалалық сайлау комиссиясының күнтізбелік жоспарына сәйкес 5-ші тамызда қала әкімдігі ғимаратының үлкен залында үміткерлер таңдаушылар- қалалық мәслихаттың 26 депутатымен кездесіп, сайлауалды бағдарламаларымен таныстырады. Сенатор болуға бастапқыда 4 үміткер тіркелсе, қазір олардың саны кеміген.
Қайырбек Құнанбаев, Шымкент қалалық сайлау комиссиясының төрағасы: «Бір үміткеріміз Бақытжан Пазыл, кәсіпкер денсаулығына байланысты сайлауға қатысудан бас тартты. Қалған 3 үміткер мектеп директоры Толқын Аюбаева, сенатор Айгүл Қапбарова, қоғамдық бірлестіктің төрағасы Орманов Бектай сайлауға қатысады».
Қалалық сайлау комиссиясы 12 тамызда ҚР Парламенті сенаты депутаттығына түсетін сайлауды Түркістан сарайында өткізуді жоспарлап қойған. Пандемияға байланысты сайлауды сақтық шараларын орындап өткізу бойынша ОСК-ның еліміздің бас санитар дәрігерімен шешім қабылданған.
Шынар Оразова