Түркістан: 107 мыңнан астам оқушыда компьютер жоқ

131

 

Жаңа оқу жылы қыр астында, ал түркістандық шәкірттердің дайындығы жоқ. Облыста 107 мыңнан астам оқушының компьютері жоқ. Оның 50 мыңға жуығы аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар. Бұл туралы бүгін облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мәлімдеді.

Айтуынша, мәселені шешу үшін республикалық және жергілікті бюджет есебінен 22 мыңнан астам планшет пен компьютер беріледі. Онымен қоса «Мектепке жол» акциясы» және демеушілер есебінен 14 мыңға жуық қосымша құрылғылар табысталады.

Айта кетейік, Түркістан облысында 900-ден астам мектептің 164-і штаттық режимде жұмыс істейтін болады. Оның 34-і интернеті жоқ ауылда орналасқан білім ұялары.

Рақымбек Жолаев, Түрксітан облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы: «Ата-аналардың өтініштерімен бастауыш сыныптарға арналған кезекші топтар құрылады. Мұндай топтар қатаң санитарлық шараларды сақтай отырып сабақ өтетін болады. Атап айтқанда, мектеп кіре берісі дезинфекциялық кілемше, тепловизорлар, санитайзерлер, ылғалды, дезинфекциялық тазалаушы құралдарымен қамтылады. Қазіргі таңда 365 мектепте ата-аналардың өтінішімен 2356 кезекші топ ашу жоспарлануда. Кезекші топ ұстаздарына көмекші ретінде педагогикалық жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жоғары курс студенттерін келісімдері бойынша практикаға тарту жұмыстары жүргізілуде».

Мақпал Рысбаева