Таскендіктер бір аптадан бері жарықсыз отыр

160

«Бір аптадан бері жарықсыз отырмыз». Шымкент қаласының тұрғыны Жұмагүл Иманбаева осылай деп ашынады. Сөзінше ол тұратын Таскенде электр жарығы халықтың бас ауруына айналған. Әдетте мұнда электр тоғы жел соққанда сөнеді екен. Және көп ұзамай қайта берілетін дейді тұрғын. Бірақ, осы жолы емес. Себебі, олардың жарығын апта бұрын жел емес, жауаптылар өшіріп кеткен.

Жұмагүл Иманбаева, қала тұрғыны: «Бізде кінә жоқ. Бәрін төлеген, 260 мың ғана жетпей тұр. Потериядан дейді. «Потерия» дегенді түсінбедім. Сұраған ақшасын беремін. Ұрыссаң өшіріп тастай ма деп қорқамын. Заттарым зая болады сонша ақшаға алған».

Айта кетейік, қазір Таскендегі 70 үй жарықсыз отыр. Тұрғындар сөзінше жекеменшік жарық компаниясы оларды берешек деп таныған. Бірақ, мұнымен ел келіспейді. Және жарық ақысын ай сайын төлеп келгенін айтады. Алайда жарықпен қамтамасыз етуші мекеме халық 1,5 млн теңге қарызын өтемейінше, жарық бермеуге бекініп отыр екен.

Төрехан Тұрғынбаев, қала тұрғыны: «Балалардың көрген күні қараң қазір. Жарық жоқ болғасын не болады? Ешнәрсе жоқ. Ертең сабақ басталады. Онлайнмен сабақ істейді. Ешқайсысы оқи алмайды. Халықтың кінәсі де, қарызы да жоқ. Ай сайын төлеп отырамыз».

Жағдайдан аудан әкімдігі де хабардар. Сөздерінше олар қазір компания мен халық арасында келіссөздер жүргізуді бастаған. Бірақ, одан шыққан нәтиже жоқ. Қаратау ауданының әкімдігі берешектің қалыптасуына бірнеше себеп болған деп отыр.

Азамат Парманов, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «70 счетчикке ешқандай пломбалау жұмыстары жүргізілмеген. Барлығы ескі счетчиктер. «Потерия» деген болады. Сосын «холостой ход» деген болады. Берешектің барлығы сол жерде қалыптасқан. Бұдан контралер де хабардар болған. Жеке электриктері де болмаған. Свет ұрлау фактілері де орын алған».

Жоспар бойынша Таскен елдімекені мемлекеттен берілетін электр жарығына толықтай қараша айында қол жеткізеді. Бүгінде 1600-ден астам үйдің 500-і мемлекеттік электр көзін тұтынып отыр.

 Назерке Үкібасова