Шымкент: Биыл Абай ауданында 1231 тұрғын табиғи газбен қамтылады

219

Бұл туралы Абай ауданының әкімі Бұхарбай Парманов 2020 жылы атқарылған жұмыстар бойынша халық алдында есеп беру кездесуі кезінде айтты.

Абай ауданы аумағында 34 елді мекен бар. Бұл күнде оның 25 елді мекені, яғни 73,5 пайызы табиғи газ жүйесімен қамтылған, ал қалған 9 елді мекен қатты отынды пайдалануда. Айта кетерлігі, ауданды 2020 жылы табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстарына жалпы 175,2 млн. теңге бөлінген.

Ал, Алтынтөбе тұрғын алабы газдандыру жұмыстарына 106,2 млн. теңге қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары 2021 жылға өтпелі, нәтижесінде 1231 тұрғын табиғи газбен қамтылатын болады. Жалпы ауданды газдандыру бағытында жұмыстар өз кезегімен атқарылуда.

«2020 жылы 65 млн. теңгеге Ынтымақ-2, Көкбұлақ, Ақтас елді мекендерінің жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Биыл аталған жобаларды жүзеге асыру үшін бюджет есебінен қаржы қарастыру жоспарлануда. Сондай-ақ, Айкөл, Ақтас-2, Тәуелсіздікке 20 жыл тұрғын алаптары мен Ынтымақ-2, Солтүстік саяжай, Құрсай шағын аудандарына табиғи газ жүйесін тарту мақсатында жоба дайындау үшін қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасына ұсыныс беріліп, жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде», – деді аудан әкімі Бұхарбай Парманов.

Сондай-ақ аудан бойынша тұрғындарды кәріз жүйесімен қамту мәселесі де дұрыс жолға қойылған. Бұл күнде тұрғындардың кәріз жүйесімен 31 пайызы қамтылған. Самал-1,2,3 шағынаудандарында ұзындығы 119,7 шақырымдық жалпы жоба құны 3 086,9 млрд. теңгені құрайтын кәріз жүйелеріне 268,9 млн.теңге бөлінді. Қазіргі кезде құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге 2021 жылға жоба-сметалық құжаттамалар әзірлеу бойынша 5 елді мекенге ұсыныс берілген.

 

QAINAR KÓZШымкент қаласының Ақпараттық-коммуникациялық орталығы