Із-түзсіз жоғалған ер азаматты қарыз үшін өлтіріп кеткен

230

Түркістан облысы Сайрам аудандық полиция басқармасына 14.03.2021 жылы түнгі сағат 23:00 шамасында жергілікті әйел күйеуінің із-түссіз жоғалғаны туралы айтып, арызданады. Сайрамдық сақшылар арызды бірден тіркеп, жоғалған азаматты іздестіруге кіріседі. Жан-жаққа бағыттамалар беріліп, аудандық полиция басқармасының жеке құрамы жұмылдырылады. Аудандағы такси жүргізушілерінен және көруі мүмкін деген тұрғындардан сұрақ-жауаптар алынады.

Осындай атқарылған ауқымды жұмыстардың нәтижесінде аудан полицейлері күдіктінің ізіне түседі. Оның түр-тұлғасын анықтап, жоғалған ер азаматтың танысы екенін біледі. Күдікті Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылының тұрғыны болып шықты. Ол өз кінәсін мойындамай, жауаптан жалтаруға тырысады.

Алайда полицейлер дәлелдер мен айғақты заттарды жинақтап, жоғалған азамат өзінің «БМВ» көлігін тастап, тек осы күдіктімен жолыққанын және күдіктінің көлігіне отырып кеткенін толығымен дәлелдеп шығады. Осыдан соң барып, күдікті өз кінәсін толық мойындайды.

Тексеру барысында белгілі болғандай, жоғалған ер азамат өзінің танысындағы ірі көлемдегі ақшасын алу үшін жолыққан. Күдіктінің көлігіне отырып, жолда кетіп бара жатып екеуінің арасында дау жанжал туындаған. Нәтижесінде қарызды қайтарғысы келмеген күдікті ер азаматты аяусыз қылқындырып, жер жастандырған. Ал мәйітті өзінің бұрынғы жұмыс істейтін орны, карьердің маңына ауыр қылмысын жасыру мақсатында көміп тастаған.

Күдікті ер азамат қамауда. Ол бұрын сотты болмаған. Бүгінде оған қатысты ҚР ҚК-нің 99-бабының 1-бөлігімен «Адам өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде. Істің толық мән-жайы тергеу барысында анықталатын болады.

 

QAINAR KÓZТО ПД-нің баспасөз қызметі