«Азат» шағынауданына табиғи газ қашан беріледі?

44

«Азат» шағынауданының тұрғындары «үйімізде әлі жылу жоқ» деп дабыл қағуда. Қыркүйек айында газ келеді дегенге сенген тұрғындар, үйлеріндегі жылыту пешін де бұзып тастаған екен. Енді не көмір, не көгілдір отын жоқ, далада қалғандай болдық деп ашынып отыр.

«Қыркүйек айында газ келеді» деген басшылықтың сөзіне сенген «Азат» шағынауданының тұрғындары, суық үйде отыруға мәжбүр. Егер берген уәделерінде тұра алмаса, бізді неге үміттендіреді деп шағымданған халық, үйлеріндегі көмір жағатын пештерін де бұзып тастаған.

Мадина Нуриддинова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мына жерден өзіміздің пешіміз болған, көмірге арналып, алдында жағатын едік былтырдан бері. Сосын биыл Әйтенов мырза бізге газ келеді деп уәде бергеннен кейін, пешімізді бұзып, енді далада қалдық десек те болады. Бала шағамыздың бәрі үйде сырт киіммен отырамыз, ауырып жатыр. Ондай қолынан келмейтін болса, уәде бермеу керек еді баста».

Еркін Зейінов, тұрғын: «Күн болса, көзі қырауда, күн суытып жатыр. Биыл осы қыркүйек айының соңында Абзал Шымкентбайұлы Қаратау ауданы әкімі уәде берген «тұрғындарға толық газ кіреді» деп. Алайда басшылар келген кезде ғана, құр уәде күйінде қалып жатыр. Әлі ешкім көмір сатып алған жоқ. Сөздің ашығы газ келеді деп бәрін қуантып қойды. Куратор береді, келесі жолы басқа куратор береді, біз оны таппай қаламыз. Қайсы кураторға бараатынымызды да білмейміз».

Қала әкімі арнайы іссапармен келген кезде тұрғындарға қыркүйекте жылу берілетінін айтып сендірген көрінеді. Тұрғындар басшының сөзін бейнежазбаға да жазып алған.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Қыркүйекке дейін, жылу маусымы басталмай тұрып, соған дейін «газды берсін» -деп, тапсырма берілді. Қазір соны атқарып жатыр. Көріп жатырсыздар ғой, істеп келе жатыр».

Мұндағыларға аудан әкімі де өз уәдесін беріп кеткен. Егер жылу берілмесе, өзі көмір түсіріп беретінін айтқан екен.

«Көктемде Мұрат Әйтенов пен А. Шымкентбайұлы келген осы жерге. Уәде беріп кеткен.  Келмесе тонна көміріңді бере алам деген. Кәні көмірі?», дейді тұрғындардың бірі.

Тұрғындар бар жиған-тергенін енді көмір алып, жаңадан жылу пешін салуға жұмсауда. Әрине, бұл қалтасында аз да болса қаражаты бар жандардың әрекеті. Тұмар Бақатаева да күздің басында пешін бұзып тастағандардың бірі. Алайда ол «балалар тоңбасын деп, қайтадан жаңасын орнатып әуреге түсіп, шығынға батқандығын» айтады.

Ал аудан әкімінің орынбасары жылу берілу үшін желтоқсан айына дейін күту керектігін жекізді. Себебі бұл тек азаттықтардың мәселесі емес дейді ол.

Азамат Парманов, «Оған «Азат» қана емес, бүкіл қала қарап отыр. Ол 2022 жылы бітуі керек еді. Ол үлкен құрылыс».

Тұрғындар әрине, құр уәде беріп келе жатқан басшылыққа наразы. Жылу берілгенге дейін қалай өмір сүреміз деп дал болуда.

Аудан әкімінің орынбасары «қала әкімі уәде бергенімен, құрылған арнайы жоспар бар екенін де атап өтті. Керісінше, біз жобаны ерте аяқтап жатырмыз дейді ол. Айтуынша, АГРС-3 2022 жылы қолданысқа берілуі керек екен.

Азамат Парманов, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Біздің әкім айтқан шығар қыркүйекте  деп, Иә айтты. Енді жоспар бойынша АГРС 2022 жылы бітуі керек объект».

«Азат» шағынауданына инфрақұрылым жүйелері жүріп қойған. Көшелерге асфальт пен шағал тас та төселген. Ендігі шешімін таппай тұрғаны – жылу мәселесі. Азамат Парманов жыл соңына дейін бұл мәселенің де шешімін табатынына уәде берді.

Азамат Парманов, Қаратау ауданы әкімінің орынбасары: «Газ су, свет бойынша, свет келіп тұр, қосылған. Су мәселесі де өткен. Шағал жол төселді, екі көшеге асфальт төселді. Халықтың сұрап жатқаны – газ мәселесі. Ол да өткен, ішкі жүйелері. Қаладағы АГРС-3 подстанциясын күтіп тұрмыз. Келесі қараша айында аяқтау жоспарлануда. Желтоқсан айында осы елдімекендерге қосамыз деп отырмыз».

Әлбетте бұл сөздерге тұрғындар нанған жоқ. Сонда да көгілдір отынның қызығын көруден үміт үзбейміз деген азаттықтар, жауаптылар тым болмаса балалардың жайын ойласа екен дейді.

Гүлдана Дәурен