Қошқар ата өзенінің жағалауында заманауи биік ғимараттар салынады

119

Шымкентте реновация бағдарламасы бойынша жаңа заманауи шағынаудан салу жоспарланып отыр. Қазір ескі үйлерді сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Жаңа тұрғын үй кешені Қошқар ата өзенінің жағасында орналаспақ. Шағынауданның құрылысымен SDN GROUP ЖШС-і айналысады.

Қошқар Ата өзенінің жағасында құрылыс-басқарушы компания жаңа шағынаудан салуды жоспарлап отыр. Жөндеу бағдарламасы бойынша ескі үйлерді сатып алу үшін құрылыс компаниясының өзі инвестор болған. Дәл осы ауданда SDN GROUP ЖШС-і Medina тұрғын үй кешенінің құрылысын бастап та кетті.

Дәурен Жармұханов, «SDN GROUP» ЖШС бизнесті дамыту жөніндегі директор: «2020 жылы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов бізге Қошқар ата өзенінің бойындағы ауданды реновациялау жобасына инвестиция салуды ұсынды. Ауданды егжей-тегжейлі зерделеп, біз бұл жақтың өте ескіргенін, бұзылған, өте ескі, сондай-ақ кейбір ғимараттардың қожайындары тіпті құжаттары да жоқ болып шықты. Дегенмен, біз бұған қарамастан, Мұрат Дүйсенбекұлының ұсынысын қабылдап, өз қаражатымызға аталған жерлерді сатып алуға кірістік».

Құрылыс компаниясы жер телімдерін сатып алу кезінде, тұрғындарға ешқандай қысым көрсетілмегенін, жылжымайтын мүлік нарықтық құны бойынша бағаланғанын айтты. Аудан тұрғындары бәрі заң аясында және өзара келісім бойынша жасалғанын растап отыр. Тіпті тұрғындардың басым бөлігі бұдан былай ескі үйлерде тұрмайтынына қуанғанын жасырмады.

Сәкен Дөненбаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Құрылыс компаниясының жігіттері келіп, осы арадан үй соғамыз, мына үйлеріңізді бізге беріңіз деген ұсыныс айтты. Отбасымызбен ақылдаса келе, шештік. Бүгін көңіліміздегідей, бағалаған ақшасын компания бізге берді»

Дінмұхаммед Дүйсенов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Біз осы ауданның тұрғыны едік. Бізге келді, қалай қыласыздар, не істейсіздер деп. Ешқандай қинау болған жоқ. Сол жерде ақшасына келістік. Салынып жатқан үйлерден, үйімізді алып жатырмыз».

«SDN GROUP» Medina тұрғын үй кешенінен бастап, Қошқар ата ауданын қаланың ең көрікті және жайлы аудандарының біріне айналдыруды жоспарлап отыр. Ол үшін компания аумақты абаттандыру, көгалдандыру және инфрақұрылымды ретке келтіру жұмыстарын жүргізбек.

Гүлдана Дәурен