Салық төлемегендердің есеп-шоты бұғатталып, мүлкі тәркіленеді

219

Еңбекші ауданында мүлік салығын 10 мыңнан астам азамат төлемеген. Берешектің сомасы 52 млн. теңгеден асады. Мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары міндетті төлемдерден жалтарған адамдарға қатысты шара көрілетінін кезекті рет ескертеді. Соттың шешімімен боршкерлердің есеп шоты бұғатталып, көлігі мен мүлігіне акт түзіліп, шет елге шығуына тосқауыл қойылады

Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының мамандары жеке тұлғалардың мүлік салығынан берешектерін өндіру бойынша міндетті төлемдерден жалтарған тұрғындардың үйлерін аралады. Түсіндіру жұмыстары Тараз шағынауданында жүргізілді. Таңшолпан көшесіндегі мына үй иесінің мүлік салығынан берешегі 378 мыңнан асыпты.
«Тараз шағынауданындағы Таңшолпан көшесіндегі №3 үйдегілердің мүлік салығынан берешегі 378 509 теңге. Осындай көлемде  қарызы бар жеке тұлғалар бар»-  дейді Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары
Қадыржан Панбаев.

Ауданда жылжымайтын мүлігі тіркелген 60 мыңға жуық азаматтың 10 мыңнан астамы осы күнге дейін салықты төлемеген. Берешектің сомасы 52 млн теңгеден асқан. Сала мамандарының пайымдауынша 2020 жылға мүлік салығын төлеу мерзімі 1-ші қазанда аяқталған бойда тұрғынға хабарлама жіберіледі. 35 күннің ішінде салық төленбесе, басқармамен бұйрық шығарылып қарызды өндіру үшін сот орындаушыларына электронды түрде жіберіледі.

Қадыржан Панбаев, Еңбекші ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары: «ҚР Салық Кодексінің 128 бабына сәйкес салықтан қарызын төлемеген жағдайда «Сот орындаушылары мәртебесі туралы» заңы негізінде берешекті өндіру жолдары — есеп шоты бұғатталады, алдын көлігі кейін жылжымайтын мүлікті хатама тізімге алынады. Шетелге шығуы шектеледі».

Осындай келеңсіз жағдайларға тап болмас үшін мамандар, азаматтарға міндетті төлемдерден жалтармай мүлік салығын мерзімінде төлеуге шақырады.

Шынар Оразова