Тұрғындар бір күні үйіміз құлап қала ма деп қорқады…

160

Шымкентте толассыз жауған жаңбыр салдарынан мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлер үгітіліп жатыр. Осылай деп ашынған “Әдия” тұрғын үй кешенінің жұрты енді бір-екі жылда қирандының астында қаламыз ба деп қорқады.

Қолданысқа берілгеніне 3 жыл да болмаған «Адия» тұрғын үй кешенінің қазіргі сыйқы осы. Тұрғындар мемлекеттік бағдарламамен берілген баспананың аты затына сай келмейді деп налиды. Ал нөсер жауған түні мұндағы 160 отбасы түнде көз ілмегендерін айтады. Себебі, кәріз жүйелеріне дейін жауын суына толып, мүңкіген иістен дем алу мүмкін болмаған екен. Жиналғандар «су ағатын арық бар» деген тек аты ғана дейді.

Жазира Байсалова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Әкімшіліктің жігіттеріне айтамыз да біздің мына лотокты шешіп беріңіздер. Дұрыс жасалмаған. Ирригация жүйесі басында дұрыс салынбаған. Лоток деген салынып ол бір арнаға ағып кету керек қой, басы бар аяғы жоқ. Канализация жүйелері де дұрыс жасалмаған басында ше негізі. Айтып отырмыз ғой, өте сапасыз жасалған. Ол проблема басынан әлі айтылып келе жатыр».

2019 жылы қолданысқа берілген үйлерге негізінен бюджеттік мекеме қызметкерлері қоныстаныпты. Тұрғындар айына кем дегенде 120 мың несие төлеп тұрады екен. Олар жауын суы жиі жиналатындықтан бір күні «үй құлай ма?» деп қауіптеніп отыр. Көпқабатты үйдің сыртқы сылағының өзі үш жылдың ішінде адам көргісіз күйге жетті дейді жиналған жұрт.

Айгүл Мырзабаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Әлі біздің төлейтін 10 жылымыз бар. Он жылда мына сыр беріп, авариялық жағдай болса үй де жоқ, ақша да жоқ, Құлақ салып жатқан ешқандай әкімшілік те, «Самұрық-қазына» да ешқандай құлақ асып жатқан жоқ. Мынау бір жаңбырдан мынадай болып жатыр міне. Түсіп жатыр. Мынаның бәрі ЖК «Адияның» мынау қандай не болады, әшейін түсіп жатыр үгітіліп».

Ал құрылыс басқармасы аталған үйлердің жеке компания есебінен салынғанын айтты. Ал тұрғын үй басқармасының теңгеріміне енді ғана өткен көрінеді.

Әбілсейіт Рабаев, Шымкент қалалық құрылыс басқармасының басшысы: «Адия» тұрғын үй кешенінің құрылысын «Самұрық-Қазына» констракшн мен жеке инвестор «Адия груп Тұран» ЖШС салған. Құрылыс басқармасы тарапынан ол жерде төрт үйде 75 пәтер сатып алынған яғни үйдің өзі емес, бөлек пәтерлер. Тұрғын үй басқармасы тарапынан сол пәтер иелері ретінде сол жеке салушыларға өзінің талаптарын жіберуде бұл жерде жауапкершілік сол құрылысын салған екі салушыны айттым ғой, солардан  сұратылуы керек деп есептеймін».

Ал өзін «Самұрық-Қазына» өкілімін деп таныстырған Нұртай есімді азамат қазіргі таңда акционерлік қоғам үйді соққан компаниямен соттасып жатқанын айтты.

Нұртай, «Самырұқ-Қазына» өкілі: «Біз қазір үйді соққан «Адия Тұран» компаниясымен соттасып жатырмыз. Өткен айда экспертиза болды. Бір-екі күнде нәтижесін күтіп отырмыз».

Шымкентте наурыздың 10-на қараған түні жауған нөсер салдарынан көптеген тұрғын үйге зақым келген. Арнаға сыймаған су тіпті жол бойындағы дүкендерді де шайып өткен. Көктемнің алғашқы жаңбырынан кейін әбден әбігерге түскен тұрғындар әлі де алаңдаулы. Себебі, синоптиктер алдағы аптада да жауын-шашын күтілетінін ескертті.

Гүлдана Дәурен