Мәжілісмендер: «Үкімет Ұлттық қордан қаржы сұрауды әдетке айналдырған»

59
фото baribar.kz

Биыл республикалық бюджет шығысының жалпы көлемі 18,8 триллион теңге шамасында белгіленді.

Былтыр қабылданған бюджет есебінен 2,7 триллион теңгеге көп. Мәжіліс депутаттары нәтижесі көзге көрінбейтін шығынның көп екенін сынға алды. Сондай-ақ, Ұлттық қордан алынатын қаржы сомасы 68 процентке көбейген.

Нақтырақ айтсақ, биыл трансферттер 4 триллион 30 миллиард теңгеге жетті. Халық қалаулыларының айтуынша, 2016 жылға дейін ұлттық қордан тек 8 миллиард алуға және түзету кезінде өзгеріс 15 проценттен аспауы тиіс еді. Осы норма алынғалы Үкімет Ұлттық қордан қаржы сұрауды әдетке айналдырған. Сондықтан шектеу нормасын енгізуді ұсынды. Дегенмен, 2022-2024 жылдарға арналған бюджет туралы заң жобасын мақұлдады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:»Бүгін біз өте маңызды заң жобасын қабылдадық. Бөлінетін қаржы Мемлекет басшысының тапсырмасын және жолдауында жариялаған реформаларды жүзеге асыруға бағытталған. Бір ғана мысал, осы өңірлердегі ауыз су, жол, тұрғын үй сияқты мәселелерге бүгінгі бюджетте 476 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражаттың нәтижелі әрі тиімді жұмсалуын қадағалау біздің яғни, депутаттардың басты міндеті. Бүгін депутаттар тарапынан бірқатар сын ескертпелер айтылды. Министрлер соны назарға алып, тиісті қорытынды жасауға тиіс».
Шынар Оразова