Сенат қаржы пирамидалары туралы заң жобасын мақұлдады

69

Қаржы пирамидасын басқарғандарға қатысты жауапкершілік күшейеді. Бұл туралы бүгін сенаттың жалпы отырысында айтылды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржылық пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екі оқылымда қаралып, қабылданды.

 

Заңды қабылдау қаржы пирамидаларын жарнамалауға атсалысқан жандардың жауапкершілік дәрежесін анықтауға және жасалған құқық бұзушылыққа мөлшерлес жауаптылыққа тартуға мүмкіндік береді.

Сенаттың жалпы отырысында қаржы пирамидалары туралы заң жобасы мақұлданды. Жаңа жоба Қылмыстық кодекске «Қаржылық, инвестициялық пирамидаларды жарнамалау» туралы бап енгізуді ұсынады.

Нұрлан Бекназаров, Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің мүшесі: «Заң жобасының негізгі міндеттері – қаржылық пирамида құрғаны және оған басшылық жасағаны үшін жазаны қатаңдату, қаржылық пирамида туралы ақпаратты тарату, оның ішінде электронды үлгіде таратқаны үшін қылмыстық жауаптылықты енгізу, сондай-ақ, қаржылық пирамидаларды жарнамалағаны үшін тергеуге жататындығын айқындау».

Ресми мәліметтерге сәйкес қаржы пирамидаларының саны 2019 жылы 24 қана болса, 2020 жылы 180-ге жеткен. Ал 2021 және 2022 жылдың басынан бері барлығы 225 заңсыз қаржы пирамидасы анықталып, 425 қылмыстық іс қозғалған. 158 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 53 адам сотты болған.

Ержан Сәденов, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары: «Ұсынылып отырған өзгеріс – бірінішдіен қаржы пирамидасының жарнамасын дәлелдеген жағдайда, жарнама жасаған жандарды қылмыстық жауапкершілікке тарту бойынша заң жобасы күшіне енгізілсе, ретке келеді».

Құжаттың басты мақсаты – қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық жасағаны үшін жауаптылықты күшейту, азаматтарды қаржы пирамидасына тартқан ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауаптылықты заңнамалық реттеуді қамтамасыз ету. Заң жобасымен Қылмыстық, Қылмыстық-процестік кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Қанатбек Сафинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитеті «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне қаржылық (инвестициялық) пирамидалардың қызметіне қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын 2022 жылғы 27 маусымдағы комитеттің кеңейтілген отырысында заң жобасын әзірлеушілердің, Сенат Аппараты қызметкерлерінің қатысуымен қарап, мыналарды атап көрсетеді».

Аталған Заң жобасынан қаржылық пирамидалардың қызметінен зардап шеккен азаматтар арасындағы әлеуметтік шиеленісті төмендету және азаматтарды қаржылық пирамидаға тарту, оның ішінде пирамида құру жөніндегі қылмыстық пиғылдың алдын алу секілді нәтижелер күтіледі дейді сенаторлар.

Құжатты қабылдау қаржы пирамидасын жарнамалауға тартылған адамдардың жауапкершілігін анықтауға және жасалған құқық бұзушылыққа мөлшерлес жауаптылыққа тартуға мүмкіндік береді.

Гүлдана Дәурен