Шымкент тұрғыны көлік салығынан 6 млн. теңге қарыз

130

Шымкент қаласының тұрғыны көлік салығына 6 млн. теңге қарыз. Бүгінде соттың шешімімен оның есеп шоты бұғатталып, шетелге шығу мүмкіндігінен айырылған. Алайда тұрғын осыған қарамастан міндетті төлемнен осы күнге дейін жалтарып жүр.

Ағымдағы жылдың 5 айының қорытындысымен өндірістік емес төлемдер бойынша жергілікті бюджет жоспары 7,5 млрд.тг. болса, нақты өндірілген сома 12,7 млрд.тг. құрап, жоспар 169% орындалды. Яғни, 5,2 млрд.тг. артығымен қамтамасыз етілді.

Міндетті төлемдерден қарыздар өтелгенде бұл көрсеткіштер одан да жоғары болатыны анық. Жеке тұлғалардың жер, мүлік және көлік салықтары бойынша 1 маусымдағы жағдайға 97 388 жеке тұлғаның берешек сомасы 1 млрд 984,6 млн.тг. құрап отыр.

Ерлан Тұрысов, Шымкент қаласы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары: «Оның ішінде, жер, мүлік салығы бойынша 56 068 жеке тұлғаның берешек сомасы 321,4 млн.тг. құрап, жыл басымен салыстырғанда 29840 жеке тұлға бойынша 144,4 млн.тг. немесе 31% төмендеп отыр. Ал, көлік салығы бойынша 41 320 жеке тұлғаның берешек сомасы 1 млрд 663,1 млн.тг. құрап, жыл басымен салыстырғанда 15 518 жеке тұлға бойынша 587,3 млн.тг. немесе 55% өсіп отыр. Оның өсу себебі, 2021 жыл кезеңі үшін көлік салығы ағымдағы жылы есептелінді».

Берешегі пайда болған жеке тұлғаларға бірінші хабарлама жолданады, 30 жұмыс күннің ішінде орындамаған жағдайда салық бұйрығы қалыптасады және 5 жұмыс күннің ішінде төлемеген жағдайда автоматты түрде жеке сот орындаушылар палатасына мәжбүрлі түрде өндіру үшін жолданады. Алайда осындай іс-әрекеттерге қарамастан міндетті төлемнен жалтарғандар жеткілікті.

Бауыржан Омартаев, Шымкент қаласының мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы: «Бізде берешектердің ішінде ең көп көлік салығынан берешегі бар тұлға бар ол Озарбаев Асан деген азамат.  Сол сияқты азаматтарымыз жетерлік».

Сала мамандарының сөзінше берешек сомасын азайту бойынша жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде. Берешегі бар салық төлеушілердің автокөліктері қала аумағында орнатылған «Сергек», «Интегра» жүйелік кешендерінің және «Қорғау» қосымшасының көмегімен іздестірілуде.

Ол үшін, берешегі бар 1 691 автокөлік иелері туралы мәлімет Шымкент қаласы бойынша Полиция департаментінің «Жедел басқару орталығына» ұсынылып, 23 мамырдан рейдтік іс-шаралар басталған болатын.Жүргізілген іс-шара нәтижесінде, 35 көлік құралы иелерінен 16,2 млн.тг. асатын сома бюджетке өндіріліп, 16 көлік құралы айыппұл тұрағына қойылды.

Бұдан бөлек, берешегі бар жеке тұлғаларға үйме-үй аралау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, 754 жеке тұлғалардан 86 млн.тг. өндірілді.

Шынар Оразова