«Шымкентте газ жоқ»: Тапшылық қашан және қалай шешіледі?

80
Сұйытылған газ

Шымкентте сұйытылған газ тапшы. Әкімдік өкілдері бұған бірнеше себеп бар екенін айтады. Қазір кей газ құю бекеттерінде мүлде газ жоқ болса, кейбірінде тек талонмен беріледі. Ал қарапайым халық талонды қайдан аларын білмей дал. Қала әкімдігі бұл проблеманы қалай шешпек?

Шымкентте сұйытылған газ тапшы екенін қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов  растады. Бұл мәселені шешу үшін әкімдік министрлікпен бірлесіп жұмыс істеп жатыр екен Жалпы, заң бойынша газды шектік баға 58-60 теңгемен сату үшін әр айда арнайы квота беріледі. Мәселен, сәуір айында қалаға 6,5 мың тонна квота бөлінген. Мақсұт Исаховтың айтуынша, газбен қатынайтын көліктердің 22 пайызға артуына байланысты бұл үшінші мегаполиске жетпей жатыр.

 Мақсұт ИСАХОВ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: 
«Біз қазір осы сәуір айынан бастап, квотаны 1000 тоннаға көбейту жөнінде Энергетика министрлігімен жұмыс жасап жатырмыз. Бүгінгі таңда 360 тоннаға көбейтті. Ол Павлодар зауытынан шығып, бізге келе жатыр. Сонымен қатар, 8 сәуірден бастап Шымкенттегі мұнай өңдеу зауыты жұмысын бастайды. Негізі жөндеу жұмыстары 15-іне аяқталу керек болған, бірақ олар елдегі жағдайға байланысты мерзімінен бұрын аяқтап отыр»

Қала әкімі орынбасарының айтуынша, бүгінде Шымкенттегі 8 компанияның сұйытылған газы 76 газ құю бекетінде шектеусіз сатылып жатыр. Ал 6 компания, яғни 55 бекетте арнайы талонмен беріледі. Сондықтан үшінші мегпаолисте мүлде газ жоқ деп айтуға болмайды. Яғни, 50 пайыз станцияларда ғана тапшылық байқалады.

Сонымен қатар, Шымкент қаласы әкімдігі мен «QazaqGaz» АҚ арасында газ және газ мотор отыны саласындағы ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойылды. Олар қоғамдық көліктерге арналған мамандандырылған газ құю бекеттері мен коммуналдық арнайы техникалар салуды жоспарлап отыр.

Акбар ТӨЛЕГЕНОВ,«QazaqGaz» ҰК» АҚ басшы орынбасары: 
«Біз меморандум аясында 3 газ құю станциясының құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Яғни, бекеттер газбен қатынайтын қоғамдық көліктерге арналады. Жалпы қалада тұрғындардың басым бөлігі автобуспен қатынайтындықтан, бұл келісімнің маңызы зор деп есептеймін».

Станциялар осы жылдың соңына дейін іске қосылады. Отынның бұл түрі дизельдік отынмен салыстырғанда арзанырақ және қоршаған ортаға зиянсыз дейді мамандар. Бұл тұста үшінші мегаполистегі автобустардың басым бөлігі газбен жүретінін ескерген жөн.

Автор: Мөлдір Ибадуллаева