Тұрғындар сасық иіске тұншығып отыр

34

Шымкентте нәжіс иісіне тұншыққан 50 мыңға жуық тұрғын екі аптадан бері демалудан қалғанын айтады. Қалдық судың сасық иісі бірнеше шағынауданды алып кеткен. Салдарынан аумақта зиянкестер көбейіп, тұрғындар арасында тері және ішкі ағза аурулары көбейе бастапты.

Қаланың қалдық суы құйылатын көл маңында Нұршуақ, Достық, Ынтымақ шағынаудандары орналасқан. Бүгінде лас судың көлемі көбейе бастапты. Ал осы аумақтың тұрғындары кейінгі екі аптада сасық иіске тұншығып, сыртта демалудан қалғанын айтады.

Серік Дүйсенов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Мынау иіс келген кезде үйде  терезені ашу мүмкін емес, терезені ашуға болмайды. Бұл иістің бәле болғаны соншалық бала-шағамыз лоқсып, үйге қонақ келе алмайды, келмейді. Тамақ іше алмайсың ғой, ойлашы. Далаға шығып жата алмасаң жаздың күні. Не деген иіс».

Көл маңында 50 мыңға жуық халық тұрады. Енді олар далаға шыққанда тұмшаланып жүруге мәжбүр. Себебі соңғы бірнеше жылда шыбын-шіркей мен масаның саны артқан. Сөздерінше, халық арасында түрлі тері аурулары да көбейген.

Ділбар Мұсақожаева, Шымкент қаласының тұрғыны: «Осы боқ судың иісінен аулымызда аурулар көбейіп кетті, тері ауру. Бала-шаға ауру, үлкен кішкентай да ауырады. Қысы-жазы маса шыбын болған соң ауру боламыз. Ұйқың келеді, ұйықтай алмайсың. Бірақ, сол нервтан қышынамын. Түні бойы отырамын, бүкіл денем де бар, басымда бар».

Сасық иіске тұншыққа тұрғындар атқамінерлерді шақырып, кәріз жүйесін тазалайтын сүзгіні қаладан шалғайға көшіруді талап етуде.

Ұлжалғас Сүгірова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Неше жыл күттік қой, иісі енді, шыдап болмайды. Бүкіл қаланың адамы, аш бала тоқ баламен ойнамайды ғой. Біраз тұрып көрсе адам, басшылар көрер еді осы жерде. Негізінде қаланың мына жерден шығарып сыртқа әкеткенін қалаймыз».

Ал, билік өкілдері жағымсыз иіс кәріз жүйесін тазалайтын нысанның сыйымдылығына байланысты жайылғанын айтады. Яғни, мекеме сағатына 150 мың текше метр нәжісті қабылдай алса, соңғы уақытта ол 180 мың текше метрден асып кеткен екен. Ал бұл мәселені шешуге екі апта уақыт керек дейді жауаптылар.

Мақсұт Исахов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «2 аптада мынау осы қалдықтардың бетінің бәрін тұзбен жабамыз. Екінші қоршаймыз толық, кішкене ық болу үшін. Сосын жаңағы ылғалды иіс қабылдағыш жасаймыз».

Жауаптылар мәселе келер жылы толық шешілуі керек дейді. Ал нәжіс қабылдағыштың сыйымдылығын ұлғайту құрылысы басталып кетіпті. Қазір 150 мың текшеметр қабылдайтын нысан, 2024-ші жылдың соңына дейін құрылысы аяқталса, ол сағатына 230 мың текше метр нәжісті қабылдап, залалсыздандырады деп жоспарланып отыр.

Гүлдана Дәурен