Патрульдік полиция инспекторлары Бағлан Жүнісов пен Жұмағали Алякбаров бір әйел мен екі баланы өрттен аман алып қалды. Түркістан қаласында өрт таңғы уақытта орын алған. Патрульдік полиция қызметкерлері тұрғын үйден шыққан өртті байқаған. Бұл уақытта тұрғындар қатты ұйықтап жатқан.
Тәртіп сақшылары дереу өрт сөндірушілерді шақырып, уақытты босқа өткізбей, жедел көмек көрсетуге ұмтылды. Үйдің есіктері жабық болғандықтан, полиция қызметкерлері аулаға шатыр арқылы кірген. Бұл уақытта үйден қою түтін шығып, жалыны аспанға атылып жатқан болатын. Тұрғындарды өрттен аман алып қалу үшін өз өмірлерін қатерге тікті. Үй ірі азық-түлік дүкенінің жанында орналасқанын ескерген тәртіп сақшылары жедел әрекетке кіріскен.
Үйге кірген олар бөлмелерді қарап шығып, түтінге тұншығып жатқан әйел мен екі баланы тапты. Ішіндегілер дереу қауіпсіз жерге шығарылды. Кейін өрт сөндіру қызметкерлері келіп, өртті ауыздықтады. Ал, жедел жәрдем дәрігерлері әйел мен оның балаларын тексеріп, алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Белгілі болғандай, өрт электр тоғының қысқа тұйықталуынан шыққан. Әйел қырағылық танытып, дер кезінде көмек көрсеткен полицейлерге шынайы алғысын білдірді.