Сатушыны соққыға жығып, дүкеннен гүл алып кеткен экс-полицейдің тағы бір видеосы тарады

392

Шымкентте сатушыны соққыға жығып, дүкеннен гүлді ақшасын төлемей алып кетті деп танылған сол кездегі полицейге (бүгінде экс-полицей) қатысты тағы бір видео пайда болды. Бұл жолы бұрынғы тәртіп сақшысы кафелердің бірінде әйел азаматының телефонын тартып алып, қайтарудан бас тартқан.

Бейнежазбада әлеуметтік желіде тарады. Онда телефонын қайтара алмай тұрған әйел өзін экс-полицейдің әпкесі ретінде таныстырады. Ал видео авторы ер кісінің дүкеннен гүл алып, ақшасын төлемей кеткен бұрынғы полиция қызметкері екенін айтады. Бұл ақпаратты өзін әлгі ер азаматтың әпкесі ретінде таныстырған әйел де растайды және ер адам кафемен есеп айырыса алмай қалатын болғандықтан оның ұялы телефонын бермей отырған көрінеді.

Қазіргі таңда қалалық полицейлер оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін видеода көрсетілген тұлғаларды анықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Еске салсақ, өткен жылдың 8 мамырында Шымкентте гүл сататын дүкенде жанжал шығарған ер адамның видеосы тараған еді. Онда ер кісі дүкеннен гүлді ақшасын төлеместен алып кетіп, ал сатушыны соққыға жыққанын көруге болады. Әлеуметтік желілерде сатушыны соққыға жыққан адам «прокурордың ұлы» деген ақпарат тарады. Алайда прокуратура мен полиция бұл ақпаратты жоққа шығарды. Көп ұзамай оның Қаратау аудандық ПБ-ның сол кездегі қызметкері болғаны белгілі болды. Өткен жылдың 19 мамырында видео кейіпкері отбасылық себептерге байланысты өз өтінішімен ішкі істер органдарынан босатылған екен. Ал гүл дүкеніндегі жанжал 8 мамырда болған.

Қалалық Полиция департаменті бұрынғы тәртіп сақшысының флорист жігітті соққыға жығып, гүлді талып кету фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 191-бабы 2-бөлігі 1-тармағымен (Жәбiрленушiнiң өмiрiне немесе денсаулығына қауiптi емес күш қолданып тонау) сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын мәлімдеген еді. Алайда оған қатысты бұрын тіркелген қылмыстық іс қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылып, бұл шешім Шымкент прокуратурасымен бекітілгені белгілі болды.