Сот 80-нен асқан асқан ақсақалдың үйін өзіне қайтарды

28
Фото: Отырар.кз

Шымкентте апелляциялық сот шешімімен жасы 80-нен асқан жалғызілікті қарияның үйі өзіне қайтарылды.

2017 жылы баспанасынан айрылған жас отбасы қарт кісіге өтініш жасап, үйінде тұруға келістіріпті. Есесіне атайға қарайласып, көмек береуге уәделескен. Ал 2020 жылы олардың арасында мүлікті сату-сатып алу шарты түзілген. Оған зейнеткер өзі қол қойған. Алайда ол кезде қария меншігіндегі жері өзі сенім артқан жандардың атына өтіп жатқанын білмепті. Мұны араға 4 жыл салып естіп, сотқа арызданған.

«Жауапкер тарапы бұл кісіге қарап, тамағын беріп, киімін жуып тұрамыз деп ұсыныс жасаған. Содан кейін отбасыны үйіне кіргізіп, бірге тұра бастайды. 2020 жылы нотариус арқылы сату-сатып алу шартына сәйкес талап қоюшы жауапкерге сатқан. Бірақ жерінің сатылғанын 2024 жылы білген. Содан кейін ақсақал «мен қандай құжатқа қол қойғанымды білмедім» деп арызданған. Өз сөзінде сатқым келмеген, олай болатынын білмедім деген. Бірақ бірінші сатылы сот талап қоюшының арызын қанағаттанусыз қалдырған», — дейді Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Дәурен Сайханов.

Бірінші сатылы соттың үкімімен келіспеген зейнеткер, қайта арыз жазып, нәтижесінде өз баспанасына қол жеткізді. Сот мұндай шешімге бірнеше фактор әсер етті дейді.

«Апелляциялық сот ол кісінің құқықтық сауаттылығы жоғына, денсаулығының нашар болуына байланысты, нотариусқа барғанда ол отбасыға сенім артқаны сонша, құжатты оқымастан қол қойғанын ескере отырып шешім қабылданды. Оған қоса, талап қоюшы жерін сатпағанын және жауапккерден үй үшін ақша алмағанын көрсетті, ал жауапкер талап қоюшының осы уәждерін жоққа шығаратын, яғни сату-сатып алу келісім шарты бойынша талап қоюшыға келісілген ақша берілгенін растайтын дәйекті делелдемелерді ұсынбады. Сонымен қатар, ол кісінің туыстары да жоқ. Егер үйді алса, баратын баспанасы да жоқ. Осының бәрін ескере отырып, апелляциялық сот шешімімен ақсақалдың үйін өзіне қайтардық», — дейді Шымкент қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының судьясы Дәурен Сайханов.