Шымкенттің қақ ортасында ирригациялық жүйе жоқ

112 орамда ирригация жоқ 2

Қаламыздағы  «112-орамда» тұратын «Сарыағаш» көшесінің тұрғындары жауын-шашын жаумаса деп тілейді. Өйткені, табиғат әр нөсерлеткен сайын балалардың мектепке, үлкендердің жұмысқа баруы қиындайды. Әзірге, онда қар жауып, мұз қатып тұр. Қалың қар ерісе де үйіміз суға толады деп ашынады олар.

Ал жаңбыр жауған күні көше ортасындағы шұқырлар суға толады. Сөйтіп, әрбір үй тұрғыны ауласынан су тасып әлекке түседі. Басқа амалы жоқ. Нәтижесінде «112-орамның» көшелерімен жүру мүмкін болмай барады.

Проблемадан Абай аудандық әкімдігінің мамандары хабардар. Түсіндірулерінше, жауын-шашында «112-орам» тұрғындарының осындай күйге түсетініне ирригациялық жүйенің жоқтығы себеп. Оған қоса «Сарыағаш» көшесіне асфальт төселмеген. Бұл жұмыстар келер жылы қолға алынады дейді әкімдіктің қызметкерлері.