Жарылған құбырлардың сапасын бақылауға ешкімнің құзіреті жүрмей отыр

Шымкентте жылу беру маусымы басталысымен жылу құбыры жолдарында ақаулар табылып, оларды жамау басталды. Күн сәл ғана суық қабақ танытқаны сол еді, қарс айрылған құбырлар қара суықта жұртты қапыда қалдырды. Шымкент қалалық тұрғын үй коммуналды шаруашылық бөлімінің күнделікті жылумен қамтылған үйлер туралы берген мәліметі бойынша,қаламызда  санаулы ғана баспана жылусыз отыр.

Дегенмен, жаз бойы өткен жылу штабының отырысынан шыққан нәтиже шамалы болған сияқты. Өйткені қарашада тұрғын үйлерге берілген жылу мардымсыз деп шулайды шымкенттіктер. Әбігерге түскен жұрт электр қуатын пайдалануға көшкелі қашан?! Одан да қарқ болмаған тұрғындар тоңғанынан үйде жүріп, қабат-қабат киініп алған. Шымкенттегі жылусыз отырған үйлердегі көрінісі бұл.

Қазір күнделікті орталық диспетчерлікке жүздеген тұрғыннан қоңырау келіп түседі. Бір емес, бірнеше үйде жарылған құбырды мамандар жамап үлгере алмай жатыр. Ол аздай, жылу берушілердің бір жұмысты қайталап істеуіне тура келуде. Өйткені бұған дейінгі де, кейінгі де тірлік сапасыз жүргізілген.

Техникалық инспекцияның құзіретіне жылу берудегі тексеру мен қадағалау кірмейді. Тек апатты ахуал туралы хабарламаны қабылдап, оны тиісті мекеменің қарауына жібереді. Жұмыстың сапасын бақылауға құзыреті жоқ. Демек, жылу магистралінде апат орын алса, оны алдымен жергілікті әкімдікке хабарлау керек.

Ал әкімдік мұны техникалық инспекцияға жеткізеді. Сөйтіп, бір-бірімен тізбектелген хатшылық рөліндегі мекемелер оны құзырлы орындарға баяндайды. Бұлай уақытты босқа өткізгенше, жылу берушілердің апаттық инспекциясына хабарласқаны әлдеқайда ұтымды. Бүгінгі таңда ол да нәтижесіз болып тұр.