Соңғы кездері алыс-жақын шетелдерде жер сілкіністері жиілеп барады. Жер астынан жік шыққандай дүмпулер біздің елде де белең алып жүр. Қапелімде адам баласын есінен тандырардай күй кештіретін осы сынды оқыс жағдайлар кезінде өзімізді қалай ұстаудың ретін білеміз бе? Жақынымызды аман сақтап қалудың амалы қандай?
Жер сілкінісі кезінде өзіңді қалай ұстау керек?
Бұл ретте мамандар әрдайым апатқа дайын болу қажеттігін ескертеді. Құдай бетін әрі қылсын, бірақ жер сілкінісі бола қалды делік. Мәселен, өзіңіз жұмыста, ал балаларыңыз мектепте не болмаса бала-бақшада болса, құтқару бағытын ой елегінен өткізіп көргеніңіз абзал. Жанұяңызбен отырып тығылу үшін қай жер қауіпсіз, жер сілкінісінен кейін қайда жолығу керек, тағы басқа да сондай түйткілдерді алдын ала шешіп алған дұрыс.
Мұндай жоспар арқылы апатты жағдай орын алған кезде қалай қимылдауды біліп, отбасыңызды да түрлі жағдайға дайын болуын үйретесіз. 6 балдық жер дүмпуі кезінде көп жағдайда байланыс желілерінің үзілуі мүмкін екенін, ал 7-8 баллда байланыс желілерінің толықтай үзілетінін ескеріңіз. Сондықтан, алдын ала дайындалған жоспар апатты жағдайда өміріңізді сақтауға көмектесетінін естен шығармаңыз.
Не істеу керек?
Егер жер сілкінісі басталса, байбалам салып, өзіңізді де, жұртты да дүрліктірмеңіз. Көп қабатты үйдің бірінші қабатында немесе жер үйде тұрсаңыз, тез арада ғимаратты тастап шығуға тырысыңыз. Себебі, әлсіздеу бірінші дүмпу мен күштірек екінші дүмпудің аралығы 15-20 секундқа ғана созылады. Содан соң бірден ғимараттан алысырақ, ашық жерге шығуға асығыңыз.
Ал егер екінші қабатта немесе одан биігірек орналасқан болсаңыз, ғимарат ішінен шықпаңыз. Үлгере алмауыңыз мүмкін. Жер дүмпуінің тоқтауын күту үшін қауіпсіз жерді алдын ала анықтап алғаныңыз жөн. Мұндай орын ретінде қабырғаның ішкі іргесін, бұрышты алуға болады. Құлайтын ауыр заттардан қорғану үшін, үстел мен кереуеттің астына тығылуға болады. Сонымен бірге, жуынатын бөлмедегі ваннаның ішіне немесе астына тығылып, мойныңыз бен басыңызды жастық немесе киім-кешекпен қымтап қою да көмектеседі. Көп қабатты үйде баспалдаққа бастайтын есікті ашып, есік жақтауына тұруға болады. Мектеп немесе университетте болсаңыз, партаның астына тығылыңыз. Терезеге бетіңізді теріс қаратып, қолыңызбен басыңызды жабыңыз.
Жер сілкінісі кезінде кез келген ғимарат ішінде терезеден немесе тепкішектен аулақ болуға тырысыңыз. Есіктің алдында кептеліс жасауға, бірінші қабаттан жоғары орналассаңыз, терезеден секіруге, лифтке кіруге болмайды. Өйткені, күшті жер дүмпуі кезінде, көбіне, электр қуатын беру жүйесі автоматы түрде тоқтайды. Дүкен сияқты қоғамдық орында болған жағдайда, ғимарат ішінен шығатын есікке қарай жүгіру дұрыс емес. Бұл — өте қауіпті. Өйткені, жан-жақтан витриналар қирап, шыны сынықтары ұшуы мүмкін, сонымен бірге, шығар есіктің алдында кептеліс болуы әбден мүмкін. Ең дұрысы, бетіңізді төмен қаратып, басыңызды сөмкемен немесе пластикалық папкамен жауып, аяғыңызды ішке бүккен күйі тырп етпестен жатыңыз. Егер мүгедек арбасында болсаңыз, арба доңғалағын қатырып, басыңызды жабуға тырысыңыз. Жер дүмпуі басталғанда көлік ішінде болсаңыз ғимараттан, электр жүйесінен аулағырақ кетуге тырысыңыз. Автокөлігіңізді жолдың шетіне қойып, жер асты дүмпуі аяқталғанша, салоннан шықпаңыз. Егер жер сілкінісі кезінде көшеде болсаңыз, ашық алаңқайларда қалыңыз. Ғимаратқа жақындамағаныңыз абзал. Ашық жер ең қауіпсіз орын екенін есте ұстаңыз! Сонымен қатар, ғимаратқа таяу жерде қалуға мәжбүр болған жағдайда қабырғаның бөлігі, кондиционер компрессоры, шыны сынығы және электр желілерінен сақтаныңыз.
Жер сілкінісінен кейін не істеу қажет?
От жағып, электрді (электр жарығын немесе электр құрылғыларын) қоспаңыз, себебі газ жайылған жағдайда ұшқынның өзі жарылысқа алып келуі мүмкін. Ғимарат ішінен шығып, ашық алаңқайда қалуға тырысыңыз. Үйден шықпас бұрын басты газ краны мен пәтердегі электр жарығын өшіруді ұмытпаңыз. Сонымен қатар, бүкіл үйді көгілдір отынмен қамтитын басты газ кранын сөндіру өте маңызды. Көгілдір отынмен қамтуды тек арнайы қамту жүйелері мен крандарды тексеріп болған соң ғана тиісті мамандар қоса алады.
Қираған немесе зақымданған ғимараттарға инженер-құрылысшының рұқсатынсыз (тек зардап шегушілерді құтқару үшін немесе іздеу үшін болмаса) кіруге болмайды.
Радионы (мәселен, көлік ішінде) тыңдап тұруды ұмытпаңыз. Бұл сіздің керекті ақпарат пен нұсқау алуыңыз үшін қажет.
Қирандының астында қалғандарға көмектесіңіз
Егер сізден алыс емес жерде қирандының астында қалған адамдар болса, алдымен жағдайды бір ой елегінен өткізіп алыңыз. Ауыр заттарды көтеруге арналған тұрмыстық құрал-жабдықтарын қолдана отырып (автомобиль домкраты, сүймен) зардап шегушіні құтқаруға тырысыңыз. Мүмкіндігіңіз болса, алғашқы көмек көрсетіңіз.
Ал егер өзіңіз қирандының астында қалсаңыз, шығуға әрекет жасаңыз. Алдымен тыныс алу жолдарын шаңнан сақтау үшін ауызыңыз бен мұрныңызды киіммен жабыңыз. Өзіңізді құр айғаймен шаршатпаңыз. Құтқарушыларға сигнал беру үшін кез келген мүмкіндікті пайдаланыңыз — құбырды немесе қабырғаны ұрыңыз. От жағудан аулақ болғаныңыз жөн.
Афтершоктар
Қайталанатын дүмпулерге (автершокқа) дайын болыңыз. Бұл ретте жер сілкінісінен кейінгі екі-үш сағат қауіпті саналады. Дегенмен, афтершок бірнеше тәуліктен соң немесе бірнеше апта мен ай өткеннен кейін де болуы ғажап емес. Анығы -алғашқы жер сілкінісінен ұзағырақ уақыт өткен сайын дүмпулердің қайталану қаупі де азая түседі. Қайта дүмпулер негізгі жер сілкінісінен нашарлаған ғимаратты қиратуға алып келеді.
Шабаданды жинаңыз…
Керек- жарақ салынған сөмкені пакетте немесе су өткізбейтін контейнерде сақтауды естен шығармаңыз. Оның ішінде құжаттар, қосымша ас-ауқат қоры, (уақыт өте жаңалап тұруды қажет ететін консерві) және үш күнге жететін су қоры, алғашқы медициналық көмек үшін дәрі қобдишасы, радиоқабылдағыш, батареялар мен сіріңке (екеуі де көптеу болғаны жақсы), жылы киімдер мен аяқ киімдер болғаны жақсы. Мамандар егер кішкентай балаңыз болса, шабадан ішінен балаңыздың сүйікті ойыншығына да орын тапқаныңыз дұрыс дейді. Жер сілкінісі кезінде және одан кейін бала есеңгіреу жағдайына түседі, ал сүйікті ойыншығы баланы біраз уақытқа дейін көңілін сергітуге мүмкіндік береді.