Асыл тұқымды мал саны артуда

252

2011 жылдың қорытындысы бойынша ОҚО дағы ең үздік шаруашылықтар қатарында Төлеби ауданына қарасты Сарқырама ауылындағы «Атамекен корпорациясы» ЖШС-і танылды. Серіктестіктің құрамында асыл тұқымды ірі қара мал фермасы, сүт өңдеу цехы жұмыс істейді. Табиғаты қолайлы елдімекенде малдың басын көбейтуге жайылымдар да шабындық жерлер де жеткілікті. Шаруашылық қазіргі таңда мал басын 575-ке жеткізген және де бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.

Тұрғанбай ДУЛАТОВ, «Атамекен корпорациясы» ЖШС-нің асыл тұқымды ірі қара мал фермасының бас зоотехнигі: «Серіктестік етті ірі қара мал басын көбейту бағытында жоспарлаған іс шараларды кезеңімен орындауда. Күтімнің арқасында арнайы бордақылау алаңындағы 200 ірі қара бұқаның салмағы күн санап артуда. Төлдейтін мал да назарда. Жаңа туылған бұзаулар анасынан ажыратылып, арнайы сақтандыратын орынға жайғастырылады. Аурулардың алдын алу мақсатында егу шаралары да кестеге сәйкес жүргізіледі.»

Сауын сиырлардың жеміне мал дәрігерлері аса көңіл бөледі. Олардың қорегі табиғи өсімдіктерден дайындалған. Сапалы Отандық өнімдердің қатарын толықтыру бағытында Атамекен корпорациясы сүт өнімдерін де шығарады. Еш қоспасыз экологиялық таза айран, сүт , қаймақ оңтүстікқазақстандықтардың көңілінен шыққан. Өндірістің қуатын арттыру басты міндеттердің бірі.

Рая Тәжиева, сүт өңдеу цехының технологы: Ағымдағы жылы жақсы табысқа жеттік. Өнімдерімізге сұраныс жоғары болды. Келешекте сүт өнімдерін 3-4 тоннаға дейін жеткізуді жоспарлаудамыз.»

Мал шаруашылығына бейім Сарқырама аулының тұрғындары жұмыспен қамтылған. Шаруалардың жалақысы орта есеппен 75 мың теңге төңірегінде. Оған қоса оларға корпорация тарапынан әлеуметтік қолдау да көрсетіледі. Бұл өңіріміздің экономикалық-әлеуметтік тұрғыда дамығаны. Ауылдағы ағайынның тұрмысының жақсарғаны — Тәуелсіз Қазақстанның 20 жылда аяғына нық тұрғанының айғағы.