«Отырар» телеарнасы мен «Рабат» және «Оңтүстік Рабат» газетінің ұжымы да қоян жылын шығарып салып, ұлу жылын қарсы алды. Өткен жыл біздің ұжым үшін сәтті өтті десек, жас буындарға тәжірибе мектебі саналған арнаның жеткен жетістіктері де аз емес.
2011 жылы арнамыздың бас редакторы Зәуре Оралбаева Қазақстандағы «Электронды аймақтық БАҚ редакторларының үздігі» номинациясында «Үздік редактор» медалін иемденсе, жас тілші Сарбиназ Алдабергенова үздік жастар бағдарламасының редакторы атты марапатқа ие болды. Мақпал Ибрагимова жас тілшілер арасында өткен байқаудан бас жүлдені жеңіп алды. http://kz.otyrar.kz интернет портал ашылып, өзге елдерде де арнаның жұмысымен танысуға мүмкіндік ашылды.
Осындай жорналшылардың жеткен жетістіктері мен шыққан биіктерін тізбектеген арна басшысы Валентина Куликова жыл бойы аянбай еңбек етіп, ерекше көзге түскен қызметкерлерге сыйлық сыйлап, қуантып тастады. Бірнеше жылдан бері бірге жасасып келе жатқан қарт тілшілер мен енді қадам басқан жас буындар да назардан тыс қалмады.
Ескі жылды есіркеп, жаңа жылды жарылқап қарсы алған ұжым мүшелері мерекені би кешімен аяқтады.