Құбыр тартылғанмен су берілмеген ауылдар бар

су жоқ 2

ОҚО, Қазығұрт шағынауданындағы төрт көшенің тұрғындары ауызсуға әлі қол жеткізе алмай әуре. Осы шағымын айтып, сондағы Гулисман көшесінің «2-Бадам» тұрғындары арнамызға шағымданып келді. Негізінен елдімекендегі 300 үйге су құбырлары осыдан бірнеше жыл бұрын-ақ тартылып қойған болатын. Бірақ онда дәл қазір тіршілік нәрін құдық құбырынан алып жатқан ешкім жоқ.

2-Бадамдағы судың әлегі 2009 жылдан басталған еді. Қалалық әкімдік құбыр тарту үшін тендер өткізіп, мердігерді анықтап, айтып отырған ауылымызға су құбырлары тартылған-тын. Соңғы жұмыс, құбырға қосыл да, мөлдір, тұнық суды тұтына берге тірелген. Бірақ, мәселе жаңа нысанды қабылдау барысында туындапты. Себебі, «Су ресурстары маркетинг» қабылдаушы мекеме жобаның техникалық жағдайына көңілі толмаған.

«Су ресурстары маркетинг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі талабымыз орындалмаса балансқа ала алмасымыз анық дейді. Демек, ондағы су құбырларына тіршілік нәрі келмейді деген сөз.

Құттыбай Асырауов, «Су ресурстары-маркетинг» ЖШС-і директорының орынбасары: «Жобалық сметалық құжаттарға сәйкес мердігер компания әр үйге су есептегіш құралдарын орнатып кетулері керек еді. Ал олар бұл жұмыстарды атқармаған».

Тот баса бастаған құбырларға су жүргізіп, «жан» бітіру үшін тұрғындар бірнеше мекеменің есігін де тоздырыпты. Бірақ нәтиже жоқ. Шөліміз қашан қанады деген шағым тіпті премьер министрге де жеткен. Ал бұл кезде қалалық коммуналды шаруашылық бөлімінің мамандары жобаның жөндейтін тұстары көп екенін де мойындады. Ол үшін мерзімді уақыт керек. Жаңадан өзгерістер енгізілген жоба аяқталған соң, аталмыш ауылға су беру мәселесі осы жылы шешіледі екен.

Қысқасы, 3 жыл бойы берілген құрғақ уәдеден тұрғындар әбден шаршаған. Мәселені шешіп беремін деп осы сайлау округінен дауысқа түскен кандидат та депутат бола алмапты. Шайтанның ғана үмітсіз екенін бек ұстанғандар жақсылықты алдағы уақыттан күтуден шаршамақ емес.