Депутаттар міндетіне кірісті

329
маслихат депутаттары

15-қаңтар күні қалалық мәслихаттың депутатығына үміткер атанып, додаға түскен 106 кандидаттың ішінен жеңіске жеткен 29-ы бүгін алғашқы сессияда бас қосты. Қолдарына депутаттық төс белгі мен куәлік табысталған халық қалаулылары өз міндеттерін бөліп алып, қалалық мәслихаттың хатшысын сайлады.

5-шақырылымның депутаты атанған 29 азаматтың 14-і өткен төртінші шақырылымда халық қалаулысы болғандар. Яғни, Шымкент қаласының тұрғындарына бұрыннан-ақ етене таныс азаматтар. Депутаттардың арасынан қарапайым халықтан сайланғандарды көре алмадық. Бәрі басшы және кәсіпкер. 26 депутат «Нұр Отан» ХДП мүшесі. Үшеуі «Ақжол» партиясынан. Өткен шақырылымда» Нұр Отандықтардың» саны 24 болған. 5 сала бойынша тұрақты комиссиялар құрылып, оның төрағалары сайланды. Қалалық мәслихаттың хатшысы болып Нұрлан Бекназаров бірауыздан қайта сайланды. Тіпті, өзге кандидатура болмады да.

Депутаттық корпустың үшеуі әйел азаматшалары. Олар: №45 мектептің директоры-Пак Роза, кәсіпкер-Сұлтанова Төреайым және үшінші және төртінші шақырылымында депутат болған №2 емхананың бас дәрігері-Құрманбекова Гүлнар ханым. Гүлнар Мамытқызы бұл шақырылымда да әлеуметтік сала бойынша тұрақты комиссияның төрайымы болды.

Осылайша алдын ала «Нұр Отан» ХДП фракция отырысында бірауыздан келісіліп, ешбір тартыс талассыз 5 жыл бойы өздері халыққа көрсететін қызметтерін бөлісіп алды.