Жол қозғалысының жаңа ережесі шымкенттік жүргізушілерді селт еткізер емес

10 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа жол ережесі күшіне енді. Енгізілген жаңа өзгерістер жол қозғалысына қатысушыларды ерекше талаптарға жүктейді. Бірақ бұл шымкенттік көлік жүргізушілеріне әсер етпейтіндей. Оңтүстікқазақстандықтарды ескі ереже тұрмақ жаңа ереже де селт еткізбеуде.

Жол қозғалысының Төлеби көшесі бойындағы бөлік үшін көлік кептелісі қалыпты жағдай. Қоғамдық қатынасқа жол белгілерін елемей кез келген жерге аялдай беретін такси жүргізушілері де кедергі келтіреді. Оған тағы сапырылысқан адамдарды қосыңыз. Қоғамдық көлік жүргізушілерінің айтуынша, жолдағы кептелісті тудыратын жүргізушілердің өзі. Жол белгілері бойынша қозғалатын адам аз. Ешкім бір-бірін тыңдағысы да келмейді. Ал оны бақылап, ретке келтіріп жатқан МАИ қызметкерлері де жоқтың қасы.

Негізінен жол қауіпсіздігінің ережесі бойынша, жеңіл көліктер аялдамалар тұрмақ, оған радиусы 15 метр қашықтыққа дейінгі аралықта тоқтауына рұқсат жоқ. Бұл жөнінде ОҚО Жол полияциясы басқармасының аға инспекторы Мұрат Әділов бұл жөнінде рейдтік жұмыстардың жүрігізіліп жатқанын айтады. Сөзінше, жол қозғалысының ережесіне енгізілген жаңа өзгерістер жайлы жол полициясының қызметкерлері хабарланған.

Ал Асқат Омаров бағыттағы қоғамдық көліктерді басқарушы міндетін атқарады. Бірақ оның бұдан бөлек жауапкершілігіне жатпайтын жұмысы бар. Ол автобус аялдамаларына жекелеген көліктердің тоқтауына жол бермейді.

Асқат Омаров, бағыттағы қоғамдық көліктерді бақылаушы: «Біз аялдамаларда кептеліс орын алмау үшін бөгде көліктердің аялдама маңына аялдап, не болмаса, тоқтауына жол бермейміз. Әйтпеген жағдайда біздің автобустар бағытынан кешігіп, жаңылып қалуы мүмкін. Сол үшін такси жүргізушілерімен керісіп, кейде жанжалдасып қалатын жағдайлар көп. Ал базардан сәл әрірек жол қозғалысына байланысты белгілер мүлдем жоқ. Ол жақ тіпті ығы-жығы. Жол қозғалысы ережесіне енген жаңа ереже осы мәселелерде көмек берсе екен деймін».

Төлеби көшесіндегі ретсіздік пен Орталық базар маңындағы ығы-жығы тірлікті полицейлер жақсы біледі. Мұнда бейнебақылау құрылғысы орнатылған. Жол қауіпсіздігінің ережесі қатаңданғаннан кейін, Шымкенттің осы бөлігін ретке мүмкін енді келтірілетін шығар.