Шымкент мектептерінің жылыжайларында қызанақ пісіп қалды

446
жылыжайлар

ОҚО әкімі Асқар Мырзахметовтың тапсырмасымен былтырдан бастап, Шымкент қаласындағы мектептердің бірқатарына жылыжайлар салу ісі қолға алынды. Қазіргі таңда 12 мектеп жанынан заманауи үлгідегі жылыжайлар салынып, толықтай іске қосылған. Мұнда қызанақ, қияр сынды бірқатар көкөніс түрлері егіліп, кейбірінің түйнегі түйнеп үлгеріпті.

Алғашқылар қатарында «Жұлдыз» ауылындағы №84 жалпы орта мектеп жанынан соғылған жылыжай жергілікті тұрғындар үшін үлкен жаңалыққа айналды. Қазір аумағы 3 соттық жылыжайда қызанақ өсіп тұр. Қақаған қыста өнім алу оңай шаруа емес, әрине. Бұл үшін автоматты түрде жұмыс жасайтын жылыту қазандығы қойылған. Мұнан өзге тамшылатып суару әдісі де қолданылып отыр.

Ауыл балаларының биология пәніне деген құштарлығы арта түскен. Себебі, кітаптан оқып білгенін көзбен көріп саналарына түюде. Жақсыгүл Құрбанбаева 15 жылдан бері мектепте биология пәнінен сабақ беріп келе жатқан білікті ұстаз. Оқушылармен қоса ата-аналар да қолдары қалт еткенде мектеп жанындағы жылыжайдың жұмысымен танысып, қызықтайтын көрінеді. Ауыл кәсіпкерлері де, егер біздің жерде жақсы өнім алуға болатын болса, бізде жылыжай соғып, кәсібімізді жандандырар едік деп ыстық ықылас танытыпты.

«Облыс әкімінің бұл бастамасы бала тәрбиесімен жастарды еңбекке баулу мәселесін ең тиімді жолмен шешудің бірегей әдісі бола білді»,- дейді Шымкент қалалық білім бөлімінің бастығы Жанат Тәжиева. Дегенмен жұмыстың жандануына маман тапшылығы кедергі келтіріп тұр. Әсіресе огроном, бағбан, қарапайым жұмысшының өзі қазірге табылмай тұр.

Айтпақшы алынған өнім, сол мектептің асханасына жиналып, балаларға тегін таратылмақ. Көкөніс дәрумендері өсіп келе жатқан ағзаға қажет екені мәлім. Егерде өнім берекелді болып артылып жатқан жағдайда мектеп қажеттіне пайдаланылмақ. Қазіргі таңда Шымкент қаласындағы 90 білім ұясының барлығына бұл жаңалықты енгізуге мүмкіндік болмай тұр. Себебі, кейбір мектептерде артық жер телімі жоқ. Мүмкіндігі бар 25 мектеп толықтай жылыжаймен қамтылуға дайын. Биыл 13 мектептің оқушылары игілікті істің шарапатын сезінбек. Бұл биылға қойылған меже. Осы мақсатта облыс қазынасынан 18 миллион теңге қаралып қойыпты. Орта есеппен алғанда бір мектепте 1000 бала оқиды десек. Алдағы таңда тағы да 13000 бала тегін көкөністі талапайлайтын болады.