Оңтүстіктің жастары өздері туралы заңға өзгерістің енгенін қалайды

291

ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева Шымкентке келді. Ол алдымен жастармен кездесті. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де ҚР-ның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы жобаны талқылау көшпелі отырысы өткізілді.

Жиында жастарды қолдауға бағытталған шаралар айтылды. Мінбеге шыққан әрбір азамат жастардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қатысты ұсыныстарын жеткізді. Ол – жастардың баспаналы болуына жағдай жасау,оларды жұмыспен қамту, жұмысқа қабылдағанда еңбек өтілі ретінде алған курстарда алған білімін ескеру, озат және белсенді студенттерді ынталандыру, ауылдық жастарға өз ісін ашу және кәсіпкерліктің негізіне үйрету мәселелерін шешу, жолкіре және спорт-мәдени қызмет түрлерін пайдалану ақысында 50 пайыздық жеңілдік қарастыру мәселелері еді.

Көшпелі отырыстың Оңтүстікте өткізілуі кездейсоқ емес! Комитет төрайымы Дариға Назарбаева мұны сөзінің басында атап өтті.

Оңтүстікте 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтар саны 765 мың, бұл тұрғылықты халықтың 3-тен бір бөлігі . Ел болашағы – жастарға қолдау көрсету қайбір өркениетті мемлекеттің басты міндеттерінің бірі. Оны жүзеге асыруда елімізде нақты шаралар да бектілген.

Жиында жастардың өздері белсенділік танытып, әлеуметтік мәселелерді шешуге қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Тәуелсіз Қазақстанның құрдастары мемлекет алдындағы жауапкершілігін сезінумен қатар, оны іспен көрсете білу керек. Басқосуда көпшілікке осылай үндеу тастағандар да болды.

Көшпелі отырыстың соңында университеттің ғылыми Кеңесінің ұйғарымымен саяси ғылымның дамуына қосқан сүбелі үлесі үшін Дариға Назарбаеваға Әуезов атындағы Оңтүстік қазақстан мемлекеттік университетінің құрметті профессоры атағы берілді.