Шымкентте пәтер бағасы арзандады ма?

416

Шымкентте пәтер бағасы арзандады. Бұл туралы жылжымайтын мүлік агенттіктері жарыса хабарлауда. Олардың мәліметінше, соңғы екі айда екінші деңгейдегі пәтерлердің бағасы қала бойынша 10-15 пайызға төмендепті. Бұл – шамамен 2-3 мың долларды құрайды.

Тұрғын үй алуды жоспарлап жүрген жас жанұялардың бірі – Руслан мен Махаббат бір жарым жылдан бері пәтер іздестіріп жүр. Алайда, хабарламалардағы мәліметтерге қарап, бағаның төмендегеніне сенбейді.

Жастардың айтқанын облыстық статистика департаментінің мамандары да растап отыр. Ресми мәлімет бойынша екінші деңгейдегі пәтерлердің бағасы маусым айында қымбаттаған.

Бүгінгі таңда ортаңғы қабаттағы бір бөлмелі пәтердің бағасы 26-30 мың доллар аралығында. Екі бөлмелілер орташа алғанда 35-40 мың долларға бағаланып отыр. Үш бөлмелі пәтердің иелері 40-50 мың долларды сұрайды. Сонымен қоса баға пәтер орналасқан аудан, үйдің сериясы, қабатына байланысты өзгереді. Тиісінше, орталықта 10-12 пайызға қымбатырақ келсе, қала шетінде арзандау.

Бүгінгі таңда «Жоғарғы Отырар» шағынауданында, Тұрар Рысқұлов көшесіндегі ІІМ мектебіне қарсы беттегі үйлердің үлгісі жақсы деп саналатындықтан, ондағы пәтерлердің бағасы қала бойынша ең қымбат саналады. Сондай-ақ қала орталығындағы Айбергенов көшесі, Республика және Бейбітшілік даңғылындағы үйлер 1965 жылдары салынған, дегенмен, ескі болғанына қарамастан құны қымбат. Яғни, пәтерлердің жобасы жақсы болғандықтан, бөлмелері тар болса да осындағы баспаналар үлкен сұранысқа ие. Ал Қорғасын зауыты, СМУ-4 секілді шағынаудандарындағы үйлердің бағалары біршама арзан.