Облыстық опера және балет театры маусымын ашты

Комедиялық жанрдағы "Айсұлу" операсынан үзінді
Комедиялық жанрдағы «Айсұлу» операсынан үзінді

Оңтүстік Қазақстан облысының 80 жылдығына арнап, облыстық опера және балет театры V театр маусымының шымылдығын түрді. Көрермендерге ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның халық әртісі, композитор Сыдық Мұхамеджановтың «Айсұлу» комедиялық операсы ұсынылды. Қазақтың тұңғыш комедиялық жанрында жазылған шығарма осыған дейін көрерменнің ыстық ықыласына бөленіп үлгерген. Операның режиссері Иманәлі Сапаров. Ұжымның бесінші маусымға жаңа жоспарлары бар.

Бауыржан РАХМАНОВ, Облыстық опера және балет театрының директоры: «Биыл мерейтойлық бесінші маусымды ашып отырмыз. Сондықтан Сыдық Мұхаммеджановтың ретро операсы «Айсұлу» арнайы қойып отырмыз. Енді болашаққа жоспарлап отырғанымыз, Латиф Хамидидің «Абай» операсы. Бұдан бөлек Ресейге гастрольдік сапармен барып қайтсақ па деген ойымыз бар. Қазан айында бару болжалданып отырған шараға қазір дайындық жұмыстары жүргізілуде».

Комедиялық опералардың жазылуы да, сахнаға қойылуы да ілуде бір рет болатын сирек құбылыс. Қазақтың тұңғыш комедиялық жанрда жазылған үш бөлімді «Айсұлу» операсы тамаша әуендік сарыны, ұлтымызға тән үнділігі сақталған, ауыл өмірі мен жастар тақырыбына арналған, ұлттық опералық шығармалардың ішінде алатын орны айрықша, бүгінгі таңда да өз маңызын жоғалтпаған. Қ.Шаңғытпаев пен К. Байсеитовтің «Беу, қыздар-ай» комедиясы желісіндегі қойылым.

80-жылдардан бастап көрермен сахнадан жоғалтып алған «Айсұлу» операсының 60-жылдардағы тың көтеру, одан кейінгі кезеңде алыс жатқан ауылды кәсіби мамандармен қамтамасыз етуге бағытталған тақырыбы күні бүгін де өзектілігін жоғалтпаған.

Қойылым барысында көрермен араға 30 жылдан аса уақыт салып 60-70 жылдардағы жастардың құлақ құрышын қандырып, жүректеріне жол салған, жастық шақтарында еліктеген кейіпкерлері Айсұлу, Жансұлу, Нұрсұлулар сынды ескі көз танысымен, таныс болғанда да қимастай жақсы көретін адаммен сағыныса көріскендей күй кешеді. Операдағы жастар арасындағы шынайы махаббат, досқа деген адалдық ұғымдары мен комедиялық ситуациялар бүгінгі жастарға жаңаша әсер берді.