Киелі Қазығұрт ауданының тұрғыны Гүлімжан Исақ – ерекше дарын иесі. Ол көз ілеспес жылдамдықпен 3 минутта 10 көйлекті ауыстыра алады. Сиқырлы қимылға ұқсас мұндай өнерді ғылыми тілде «иллюзия» деп атайды.
Сахнада түрлі түсті сәнді көйлектерді киіп, көрермен назарын еріксіз аудартатын өнердің құпиясын білу кімге де болса қызық. «Иллюзия» өнері шетелдерде жақсы дамығанымен, оны қазақ қызы марқұм Алтынай Байтоқановадан ешкім асырып орындай алмады. Ол әр киімде бет әлпетті әртүрлі етіп құбылтуға үлкен мән беретін. Қолының ептілігі де көрініп тұратын. Ал бүгінде осы өнерді жалғастырып жүрген жерлесіміз әр көйлекті ауыстыруға небәрі 2-3 секунд уақыт қана жұмсайды екен.
Биыл 11-сыныпта оқитын Гүлімжан мектеп бітірген соң, арман қуып, үлкен өмірге қадам баспақ. Қандай мамандықты таңдаса да, өз бойындағы ерекше өнерін ары қарай ұштамақ ниетте. Қазірдің өзінде актерлік шеберлігін дамытатын түрлі кітаптарды оқуды ұмыт қалдырмайды.
Бойындағы ерекше өнердің құпиясымен аз да болса бөлісуге тырысқан Гүлімжан «негізінен, иллюзияны оқытатын арнайы оқу орны жоқ. Бар болған күннің өзінде шетелдерде ғана. Оған кімнің қаржысы жетеді, солар барып білім ала алады. Пайымдауымша, осындай өнермен шұғылданатындардың басым бөлігі сиқыр жасауды өздері үйренген. Алтынайдың қалай жасағанын білмеймін, мен сахнада ауыстыратын он көйлектің тоғызын алдын-ала үстіме киіп аламын. Ал оныншысын сақинаның ішіне салып қоямын. Актерлік шеберлігімді пайдаланып, қарап отырған сырт көздерге құпиямды байқатпауға тырысамын. Барынша жылдам қимылдаймын. Бір қиыны, бұл өнер қателікті кешірмейді. Сахнаға шыққанда ауыстырған көйлегімнің сырмасы сырылмай немесе етегі түріліп қалса, еңбегімнің еш кеткені дей беріңіз. Киімдерді өте жылдам ауыстырғаныммен эмоциям да соған сай болуы керек. Сондықтан барлық істе мұқият боламын», – дейді.
Гүлімжан Исақ:
– Мен иллюзияны оқып немесе көріп үйренген жоқпын. Сондықтан мұндай мамандықты меңгеру үшін ең бастысы, қиялдың ұшқырлығы керек. Бұл өнердің жолына толық түстім дей алмаймын. Облыстағы жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүрмін. Дегенмен, республика бойынша өткізілетін сайыстарда өнер көрсетуге әзірге дайын емес сияқтымын. Қазір бар ынта-ықыласым оқуға ауған. Ұлттық бірыңғай тест сынағынан сүрінбей өтуді ойлаймын. Ал бойымдағы өнерімді содан кейін ұштай жатармын. Әр өнер иесі сахнаға жаңа леппен келуі керек. Сондықтан әлі де жетілдірер тұстарым жетерлік.
Біз кейде осы сиқыршылар жуан темірді қалай оп-оңай майыстырады дейміз. Ал оның қолдың жылылығына еритін ерекше металдан істелген зат екеніне мән бермейміз. Сол секілді Гүлімжан да көрермендерге көйлектерді кәдімгідей ауыстырып жатқандай әсер қалдырады екен. Айтуынша, алдымен ақ түсті көйлек, оның үстіне сарысын, кейіннен көк, жасыл, қызыл түстілерін, соңынан жеңі ұзындау келген қара көйлекті киеді екен. Сондай-ақ, ішіндегілері білінбей тұру үшін киімдердің барынша кең болғанына мән беремін дейді. Және киіп-шешуге оңай болу үшін сырмалы, түймелі көйлектерді кимеуге тырысатындығын да айтады. Осылайша құпиясымен бөліскен Гүлімжанға бірге оқитын құрбылары көмекші болып жүр.
Гүлнұр Сәтбаева