Кәсіпорындар тоқырап тұр

382
Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында қолға алынған жобалардың дені діттеген жеріне жете алмады

Соңғы жылдары қолға алынған мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыста оншақты кәсіпорын ашылған болатын. Бүгінде олардың дені кәсібін дөңгелете алмай тоқтап қалған. Кезінде Елбасының өзі келіп, тұсауын кесіп беріп кеткен кәсіпорындардың жұмысы неге баянды болмады? Екі қолға бір күрек ұсынатын жұмыс көзінің іске қосылуын, әсіресе, күнделікті нәпақа табу үшін күн бойына көшеде тұратын азаматтар асыға күтуде. Тұрақты жұмыс, нақты кіріс әзірге «құл базарындағылардың» арманына айналып отыр.

Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында  қолға алынған жобалардың дені діттеген жеріне жете алмады

Айта кетейік, облыс бойынша бүгінде 6 мыңнан аса адам жұмыссыз ретінде тіркелген. Бұл көрсеткіш экономикалық белсенді, яғни, жұмыс істеуге қабылетті азаматтардың 5 пайызын құрап отыр. Жұмыссыздықты жою мақсатында соңғы кездері үкімет тарапынан бір емес, бірнеше мемлекеттік бағдарлама қолға алынды. Солардың бірі — индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы.

Алайда, бағдарлама аясында қолға алынған жобалардың дені діттеген мақсатына жете алмады. Тоқыма өнеркәсібін кеңейту арқылы Оңтүстік аймақтың экономикасын дамытуға септігін тигізбек болған ең қымбат инвестициялық жоба — «Ютекс.кз» кәсіпорны болатын.

Жобаның құны 19,3 миллион долларды құраған. Алайда, жылына 4 мың тонна өнім шығаруға тиісті кәсіпорын еңсесін тіктемей жатып, тоқтап тынды. Тіпті, ғимараты да толықтай салынып үлгермеді. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тек қаңқасы тұрғызылып, контейнерлер орнатылған.

«Шымкент Кашемир» зауытының да тағдыры осыған ұқсас. Бастапқыда фабриканың 272 адамды жұмысқа қабылдайды деген ақпары жұмыссыз жүрген талай жанның үміт отын жаққан еді. Көпке ұзамады. Онымен қоса, кәсіпорында шығарылған тауарлар алыс және жақын шетелге жөнелтілуі тиіс болатын. Бірақ, қондырғылар да сол күйі іске қосылмады. Қарапайым ғана қой жүнінен түбіт айырып, жіп иіру арқылы дайын өнім­дер шығарып, қазақтың киізін Европаға танытамыз деп сендірген тоқыма кластерінің ашылуынан жабылуы тез болды. Бұл кәсіпорынның да есігінде қазір қара құлып тұр.

Айта кетейік, 2011 жылы телебайланыс кезінде фабриканың тұсауы кесілген еді. Сол тұстағы жобаның жарқ еткен жарнамасы жұрттың көз алдында. Ашық сұқбатқа келіспеген фабрика өкілдігінің айтуына қарағанда, мемлекеттен қолдау болмаған соң тірлік тұралап қалған. 2010 жылдың қазан айында алаулатып-жалаулатып ашылған «Oxy Textile» — ЖШС «Оңтүстік» еркін экономикалық аймақтағындағы тоқыма кластері аясында жүзе­ге асқан алғашқы табысты жоба­лар­дың бірі еді. Жоғары сапалы мақта өнімдерін шығаратын кешенді автоматтандырылған жіп иіру фабрикасы қазақстандық шикі­затты өңдеуге бағытталған болатын. Кә­сіп­­орынның өнімі Еу­ропа елдеріне экспортқа шығары­ла­ды деп күтілген.

Дегенмен, 5,5 миллиард теңгенің бұл жобасы экспорт түгілі импортты да қамтып қарық қылған жоқ. 260 адамды жұмыспен қамтуы тиіс бұл кәсіпорын ісін дөңгелетіп алып кеткенде бүгінде қазақстандық брендке айналар ма еді, кім біледі. Ал кәсіпорынның тұралап қалғанын мамандар екі себеппен түсіндіреді. Алдымен, шикізаттың жоқтығы қолды байлады. Онымен қоса, кәсіпорынның қаржы айналымы да аз болып шықты.

Не керек, қысқа жіп күрмеуге келмеді. Былтыр қараусыз қалған ғимаратты бұзақылар бұзып кіріп, тонап та кеткен. Қазір суық қолдылар бүлдіріп кеткен ғимараттың кейбір жерлеріне қайта жөндеу жұмыстары жөнделіп, кәсіпорынға қан жүгірту үшін тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. Жергілікті шенеуніктер бірер айда серіктестік аяққа тұрады деп сендіреді.

Мемлекеттік бағдарлама аясында күндiзгiдей жарық беретiн шамның жылына 5 миллион данасын шығаруы тиіс «Сапа Инвест Плюс» серіктестігінің де, осы бағытта жұмыс істейтін 116 миллион теңгенң инвестициясы салынған «Maxlight Group» кәсіпорнынының да жұмысы сұйылып кетті.

Облыс әкімінің орынбасары Сапарбек Тұяқбаев бүгінде кәсіпкерлерге барлық жағдайдың жасалып отырғанын алға тартады. Жергілікті билік кәсіпкерлердің құжат әзірлеу жұмыстарын жеңілдетуден бастап шетелден қажетті құрал-жабдықтар тасымалдауға дейін қол ұшын беруде. Барды ұқсатып, істі дөңгелетіп алып кету — кәсіпкердің міндеті.

Жергілікті шенеуніктер биыл тұралап қалған бірнеше кәсіпорынды қайта тірілтуге уәде етіп отыр. Және бұл жұмыстар жеке-жеке индикаторлар арқылы бақылауға алынады. Егер тірлік талапқа сай тынбай жатса, жауаптылар жазаға тартылады дейді басшылар.